Атырау облысында 300 орындық спорт кешені ашылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Атырау облысында 300орындық спорт кешені ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауидің айтуынша, Өрлік ауылындағы жаңа нысанның құрылысы былтыр басталған. Екі қабатты спорт кешенінің жалпы ауданы 896,2 шаршы метрді құрайды.

«Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған бұл нысан бұқаралық спортты дамытып, саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатын көздейді. Заманауи стандартқа сай салынған спорт кешені қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталды.

Мұнда бір мезгілде 300 жасөспірімнің спорттың 5 түрімен, атап айтқанда, дзюдо, қазақ күресі, баскетбол, волейбол, жеңіл атлетикамен айналысуына барынша жағдай жасалды.

Спорт кешенінің жанында футбол алаңы бар», - дейді ауданы әкімі.

Ауылдың спортқа бейім жас өрендерін алдағы қыркүйектен бастап жаңа спорт кешеніне қабылдау көзделіп отыр.


Соңғы жаңалықтар