Атырау облысында 1,5 жылда мемлекет кірісіне 11 млрд теңге қайтарылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында соңғы 1,5 жылда мемлекет кірісіне 1,1 млрд теңге қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Досановтың мәліметінше, сотқа дейінгі іс жүргізу шеңберінде мемлекет кірісіне 1,1 млрд теңге өтелген. Бұл келтірілген залалдың 96 %-ын құрап отыр.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру желісі бойынша жұмыстың басты критерийі – азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу фактілеріне жол бермеу, қылмыстық істерді қосымша тергеп-тексеруге қайтару, соттың сыбайлас жемқорлық құрамын қайта саралау. Сондай-ақ, мерзімді тоқтату және тоқтату туралы қаулылардың күшін жоюды барынша азайтып, қылмыстық процестің үш буынды моделін іске асыру аясында процестік шешімдерден бас тарту да бар», -дейді Ерлан Досанов.

Оның айтуынша, биыл азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол берілмеген. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында кеңінен қолданылатын шараның бірі – мемлекеттік органдардың еңбек ұжымдарында сотқа дейінгі тергеу нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық жасаудың шарттары мен алғышарттарын жою туралы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 200-бабы тәртібінде ұсыныстарды қарау.

«Соңғы бір жарым жыл ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 82 қылмыстық іс өндіріспен аяқталды. Қылмыстық істің 63-і сотқа жолданды. Бұл істер бойынша кінәлі деп танылған 48 адам сотталды. Олардың 8-іне бас бостандығынан айыру, 35-іне айыппұл түріндегі, ал 5-еуі өзге жаза тағайындалды. Сотқа дейінгі іс жүргізу шеңберінде мемлекет кірісіне 1,1 млрд теңге немесе келтірілген залалдың 96 %-ы өтелді», - деп мәлім етті Ерлан Досанов.

Департамент қызметкерлері мемлекеттік сатып алу веб-порталына мониторинг жүргізіп, тауарлар мен қызметтерге бағаны жасанды түрде көтеретін салалар анықтаған. Оның ішінде білім беру саласында - 15, денсаулық сақтау мекемелерінде 13 дерек тіркелген.

«Мемлекеттік сатып алу веб-порталына жүргізілген тұрақты мониторингтің қорытындысымен берілген ұсыныстарымыз бойынша 1,5 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді. Асыра бағалау фактілері 103 мемлекеттік органда анықталды. Осындай мониторингтің нәтижесінде мемлекетке залал келтірілмеді. Мемлекеттік сатып алу саласындағы қылмыстық құқық бұзушылық деңгейі 6 есеге төмендеді», - дейді департамент басшысы.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары 10 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар