Атырау облысына тапшы дәрі-дәрмектің екінші партиясы жеткізілді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысына тапшы дәрі-дәрмектің тағы 470 түрлі жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпаратына сүйенсек, бүгін, 12 шілдеде препараттар топтамасы Алматыдан жеткізілді.

«Медициналық препараттардың 470 түрі Алматыдан әкелінді. Ертеңнен бастап Атырау қаласындағы дәріханаларға таратылады. Ал, аудандарға сәрсенбі мен жұма аралығында жеткізіледі. Жұмада Алматыдан Атырауға тағы дәрі-дәрмек келеді. Онда коронавирустан емдеуге арналған медициналық препараттар болады», - дейді фармацевтикалық компанияның директоры Светлана Липатова.

Еске сала кетелік, Атырау облысына дәрі-дәрмектің 430 түрі шұғыл жеткізілгенін хабарлаған едік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысындағы ахуал туралы қоғам өкілдерінің шағымдарымен танысқанын, өңірге дәрігерлер мен дәрі-дәрмек жіберілетінін мәлім еткен еді.

Қазір Атырау өңірі коронавирусқа шалдыққан науқастар саны бойынша елімізде алдыңғы орында тұр.

Осы ретте, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған делегация Атырау өңіріне барып, шұғыл жиын өткізді.

Вице-премьер мәлім еткендей, облыс дәрі-дәрмекпен 94 пайызға қамтылған.

Кеңес барысында эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға қатысты қолға алынатын шаралар айтылды.

Ал 11 шілде күні сағат 00.00-ден бастап Атырау облысында карантин шаралары күшейтілді.


Соңғы жаңалықтар