Атырау облысына тапшы дәрі-дәрмектер жеткізілді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Алматы қаласынан Атырау облысына дәріханаларда тапшы болған дәрі-дәрмектер жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, жүк көліктеріне тиелген препараттар қаладағы қоймалардың біріне түсірілген.

«Бірнеше күн бұрын облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов дәрі тапшылығы мәселесін жедел түрде шешуге қатысты тиісті тапсырма берген болатын. Соған сай, Алматыдан қажетті дәрі-дәрмектердің түрлерін шұғыл түрде жеткізуді қамтамасыз еттік. Дәрілер дәріханаларға бұрынғы бағасымен беріледі. Ал, дәріханалардың бағаны қымбаттатпауы қатаң қадағаланады», - деді облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілханов.


«INKAR» ЖШС Атырау филиалының директоры Светлана Липатованың айтуынша, дәрі-дәрмектің 430 түрі әкелінген. Оның 50-ге жуығы – антибиотиктер, азитромицин, цефазолин, цефтриаксон және инъекцияға арналған лидокаин ерітіндісі сынды препараттар.


«Аса қажетті дәрі-дәрмектердің Алматы қаласынан жылдам жеткізілуіне қала әкімдігі логистика жағынан қолдау көрсетті. Әйтпесе, теміржолмен жеткізілер болса, жолда көп уақыт жоғалтар еді. Әкелінген дәрілік өнімдер облыс орталығынан өзге аудандарға да жеткізіледі. Бұл партия облыстың сұранысын қамтамасыз етеді», - дейді Светлана Липатова.

Атырау облысының әкімдігі қажетті дәрі-дәрмектерді барлық дәріханаға жеткізуді ұйымдастырып, бақылауында ұстайды. Сондай-ақ, алдағы уақытта препараттардың бағасының белгіленген мөлшерден аспауын қадағалауға алады. Дәрі-дәрмектің әр адамға тиесілі мөлшерден артық сатылмауына қатысты облыс әкімдігі мен Атырау облысы фармацевтика саласында еңбек ететін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың қауымдастығы – «ФармҚауымдастық» қоғамдық бірлестігі және ҚР Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті меморандумға қол қояды деп жоспарланып отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауға демеушілер қолдауымен дәрі-дәрмектер жеткізілетінін хабарлап едік.



Соңғы жаңалықтар