Атырау облысына дәрігерлер жіберіліп, дәрі-дәрмек жеткізіледі - Президент
«Атырау облысындағы ахуал туралы қоғам өкілдерінің шағымдарымен таныстым. Премьер-Министрдің орынбасары бастаған комиссия аймаққа барып қайтты. Үкімет өңірге дәрігерлер жібереді, дәрі-дәрмек жеткізіп, көмектеседі», - деп жазды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де.
Айта кетейік, Атырау облысы коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастар саны бойынша елімізде алдыңғы орында тұр. Өңірде барлығы 7393 адам тіркелді, оның 4729-ы жазылып шықты, қайтыс болды - 13 науқас.
Осы ретте, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған делегация Атырау өңіріне барып, шұғыл жиын өткізді.
Вице-премьер мәлім еткендей, облыс дәрі-дәрмекпен 94 пайызға қамтылған.
Кеңес барысында эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға қатысты қолға алынатын шаралар айтылды.
Ал 11 шілде күні сағат 00.00-ден бастап Атырау облысында карантин шаралары күшейтілді.