Атырау облысы коронавирус жұқтырудан көш бастап тұр

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Атырау облысындағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға байланысты қолға алынатын мәселелер туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ералы Тоғжановтың мәлім етуінше, Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі республикадағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр.

«Соңғы тәулікте Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 336 жағдайы тіркеліп, науқастардың жалпы саны 7150 адамға жетті. Індеттің негізгі ошақтары – Атырау қаласы мен Жылыой ауданы. Осы екі жерде қауіпті індетке шалдыққандар барлық науқастың 85 пайызын құрап отыр. Ал, пневмонияның 2174 жағдайы тіркелген. Соңғы екі айда жедел меициналық жәрдемді шақыру 2 есеге өскен. Мұның бәрі шұғыл шаралар қабылдауды қажет етеді» -деді Ералы Тоғжанов онлайн брифингте.

Оның айтуынша, Атыраудағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға байланысты қолға алынатын мәселелер жан-жақты талқыланған.

«Біріншіден, Атыраудан Алматыға, Ақтөбе мен Маңғыстауға темір жол қатынасы тоқтатылады. Екіншіден, мейрамханалар мен дәмханалар, асханалар мен қоғамдық тамақтану орындары, азық-түлік емес дүкендер үйге жеткізу режимімен жұмыс істейді. Үшіншіден, полиция департаменті және облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті отбасылық шараларды өткізуге салынған тыйымның сақталуын қадағалап, оны бұзғандарды анықтауды қамтамасыз етуі тиіс. Төртіншіден, Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдармен вахталық жұмысқа келетіндерді үш күн бұрын тұрғылықты мекенжайында ПТР-тесттен өткізуі керек. Бұл тапсырманың орындалуына жұмыс берушілер жауапты болады.

Бесіншіден, Атырау облысының әкімдігі дәрі-дәрмекпен қамту мәселесін шешуі қажет. Өңірдегі, соның ішінде Жылыой ауданындағы карантиндік шектеу шараларының сақталуын бақылауға алуы керек. Мобильді топтардың саны 120-ға жеткізу, коротакси қызметін ұйымдастырып, жеке клиникаларды науқастарды емдеу ісіне тартуы қажет» -деді Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігіне арнайы тапсырмалар жүктелген. Оның ішінде Атырау облысын медициналық кадрлармен қамтамасыз ету де бар.


Соңғы жаңалықтар