Атырау облыстық перзентханасы қалыпты жұмысын жалғастыруда

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда облыстық перинаталдық орталық шаттық режімде жұмыс істеуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігер орынбасары Асқар Кенжеғалиев босану залы мен жаңа туған нәрестелерге арналған жансақтау бөлімі жөндеу жұмыстарына жабылып жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

«Біздің перинаталдық орталық шаттық режімде жұмысын жалғастырып жатыр. Вентиляцияны жөндеу өткен жылдан бері жоспарланған болатын. Сондықтан, бұл жұмыстар атқарылады. Бірақ босанатын әйелдердің саны шамамен 20 пайызға азайды. Мұның себебі – егер бұрын түрлі патологиясы бар әйелдерді тек біз ғана қабылдап келсек, қазір үшінші деңгей статусын алған қалалық перзентхана да қабылдап жатыр», - деді А.Кенжеғалиев.

Еске салайық, 4 қазан күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жаңа туған сәбидің өліміне, сондай-ақ жемқорлық қылмыстар бойынша күдікті – Атырау облыстық перзентханасының бас дәрігеріне қатысты істің мән-жайын жария етті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, дәрігерлер нәресте өлімі фактісін жабу үшін пара бермек болған.

Облысқа ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева бастаған республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары жетті.

7 қазан күні перинаталдық орталықтың 31 қызметкері жұмыстан кету туралы өтініш жазғаны белгілі болды. Кейін аталмыш медицина қызметкерлері Президентке хат жолдады.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұл оқиғаға қатысты ведомствоның ұстанымын жариялады. «Біздің ұстанымымыз: тергеу нәтижесі мен барлық сараптамалардың жүргізілуін күту. Медициналық қызметкерлер тарапынан заңсыз әрекеттердің болған-болмағанын анықтау. Содан кейін ғана толыққанды пікір бере аламыз», - деді ол.

Сондай-ақ елордадағы Үкімет отырысынан соң журналистердің сауалына жауап берген Нұрлан Ноғаев тергеудің аяқталуын күтіп, істің ақ-қарасы анықталғанша қорытынды жасамауды өтінді.

«Ресми органдар ресми пікір білдірді. Қазір тергеу шаралары жүргізілуде. Соның аяқталғанын күту керек. Министр өз пікірін білдірді, вице-премьер де келді. Тергеу қорытындысы шықпай тұрып біз баға бере алмаймыз, - деді әкім. – Бұл мәселенің барлық түйіткілдерін мұқият тексеру керек. Біріншіден, тергеу ғана барлық сауалдардың жауабын таба алады. Дүниеге келген сәбилердің 80 пайызына жуығы оңалту бөліміне түседі, салмағы өте аз, күні жетпеген. Бұл бағыттағы жұмысымызға бүге-шүгесіне дейін тоқталмай-ақ қояйын, айтайын дегенім, сәби өлімі және ана мен бала күтімі басты назарда болмақ. Бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда. Өткен жылғы көрсеткіштерді биылғымен салыстыратын болсақ, төмендеу байқалады. Бірақ әлдебір себептермен тамыз айында қайтадан сәби өлімі өршіп кетті. Тамызда - 26, қыркүйекте - 17 сәби шетінеген. Тиісті шараларды қолға аламыз. Босанатын 75 әйелді қалалық перзентхана мен өзге де ауруханаларға көшірдік. Бұл кеңесті тергеу барысында арнайы комиссия берген болатын. Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы, өзге де органдардың топтары қызмет атқаруда. Жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Ана мен бала өмірі - баға жетпес байлығымыз, сәби өлімі - біз үшін трагедия», - деді ол.

Әкім облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының жауапкершілігі туралы сауалға: «Басқарма басшысы қызметінен кету жөнінде арыз жазды, қазір мәселе қаралу үстінде»,- деп жауап қатты.

Соңғы жаңалықтар