Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкері коронавирус жұқтырған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкері коронавирус инфекциясын жұқтырған. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылғы 2 сәуірде Атырау қаласы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздік сапасын бақылау басқармасы жасаған сараптама қорытындысы бойынша «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қызметкерінің коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталды. Бұл қызметкер 2020 жылғы 28 наурызда жұмыстан тыс кешкі уақытта басқа науқас адаммен байланыста болғансоң инфекцияны жұқтыру ықтималдығы туралы хабарлады. Біздің әріптесіміз қолданыстағы ережелерді басшылыққа ала отырып, 2020 жылғы 29 наурызда өзі оқшауланды. 2020 жылғы 1 сәуірде байланыста болған адам коронавирустық инфекцияға шалдыққаны расталған соң АМӨЗ қызметкерінен сараптама алынды. Оның нәтижесі бүгін белгілі болды» делінген компания таратқан ақпаратта.

Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкері өз әріптестерімен байланыс жасамаған. Ол соңғы рет жұмыс орнында 28 наурызда болды.

Қазір Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығы бекітілген рәсімдерге сәйкес онымен байланыста болуы мүмкін адамдарды тексеріп жатыр. Мемлекеттік уәкілетті органдармен өзара тығыз жұмыс жасауда. Облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызметімен бірлесіп, санитарлық-эпидемиологиялық шараларға кірісті.

Ал, Атырау мұнай өңдеу зауыты қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Мұнай өнімдерін өндеу мен жөнелту бекітілген өндірістік жоспарға сай жүзеге асырылып жатыр.


Соңғы жаңалықтар