Атырау мұнай өңдеу зауыты ластаушы заттарды ауаға нормадан көп шығарған

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) ауаға көмірқышқыл газы мен азотты шектен тыс шығарған. Бұл туралы облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, департамент мамандары Атырау мұнай өңдеу зауытына жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Биылғы 27 сәуір – 26 мамыр аралығында жүргізілген тексеру кезінде «АМӨЗ» ЖШС-нің стационарлық көздерінен, өнеркәсіптік шығарындылардан, сондай-ақ химиялық талдау мақсатында «Тухлая балка» булану алаңына ағызылатын сарқынды судан сынама алынған.

«Тексеру нәтижесімен «АМӨЗ» ЖШС-нің Жылу электр орталығында орналасқан №3 қазаннан көмірқышқыл газы, ал №4 қазаннан азот оксиді мен азот диоксидінің шекті рұқсат берілген нормадан асу фактісі анықталды.

Зауыт аумағында орналасқан газ тарату шкафтарының шырағынан табиғи газдың шыққаны белгілі болды. Қазір «АМӨЗ» ЖШС-ға қатысты жоғарыда көрсетілген деректерге байланысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 328-бабымен әкімшілік іс қозғалды», - дейді Сырым Тілегенов.

Сондай-ақ зауыттың санитариялық-қорғаныш аймағының шығыс бөлігінде атмосфералық ауаның сынамалары алынған. Талдау нәтижесінде көмірсутектің шекті концентрациясынан асқаны анықталған. Осылайша, қалалық және ауылдық елді мекендердегі атмосфералық ауаның гигиеналық нормативтерінің талабы бұзылған. Осыған байланысты облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне «АМӨЗ» ЖШС-ға қатысты заңда көзделген шараларды қабылдау үшін хат жолданған.

Еске салайық, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын, кейін аталған зауытта қондырғы жұмысы екі күнге тоқтайтынын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар