Аттракциондағы әйелдің өлімі: Депутаттар шенеуніктерді жазалауды сұрады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Артур Платонов барлық деңгейдегі аттракциондарға жүйелі қадағалауды қамтамасыз етуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарағандыда екі баланың анасы «тарзанкадан» секіріп көз жұмды. Кеше бұқаралық ақпарат құралдарында аттракцион нұсқаушысы ұсталғаны хабарланды. «Nur Otan» фракциясының депутаттары демалыс әрі ойын-сауық саябақтарының, аттракциондардың техникалық жағдайына, балалар алаңдары қызметін бақылау мәселелері бойынша жүйелі шаралар қабылдау үшін бұған дейін бірнеше рет Үкіметке үндеу жасаған еді», - деді А. Платонов Премьер-Министрдің орынбасары Романа Склярдың атына жолдаған сауалында.

Осы орайда ол қайғылы оқиғаларды тексеру кезінде аталған жабдықтарды орнатуда ережені өрескел бұзу фактілері анықталып отыратынын айтты. Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар аталған жабдықтарды орнатуға рұқсат бермегенін немесе басқа да түсініктемелерді айтып ақталып жатады.

Депутаттың айтуынша, аттракциондарды маусым алдында және жоспарлы тексеруді жүргізу тәртібінің есебі мен бақылауы болмай тұр.

«Аттракциондар есепке қойылуы тиіс. Алайда ел бойынша қанша нысан есепке қойылмаған? Регламентте тапсырылғандай, құрылған комиссиялар тарапынан қаншасы тексерілді? Аттракциондардың баршасына қажетті актілер жасалды ма? Құрылған нормативтік базаға қарамастан, елдегі жағдай өзгере қоймады. Осындай нысандарда балалар мен ересектер қайғылы жағдайға тап болып жатыр, яғни бұл тұрғыда жауапкершіліктің жоқ екенін көріп тұрмыз», - деді депутат.

Бұл тұрғыда депутаттар келесі ұсыныстарды айтты:

1. Барлық деңгейде жүйелі бақылауды қамтамасыз ету мыңызды. Бұл ретте балалар мен ерексектердің қауіпсіздігіне, жабдықтың сапасына жекелей жауапкершілікті бекіту;

2. Осы салада бақылауға жауап беретін шенеуніктерді жазаға тарту;

3. Әр өңір бойынша аттракциондарды лицензиялау туралы мәліметтерді беріп, әкімдік айқындаған нақты лауазым иелерін көрсету.

Еске сала кетейік, жақында Қарағандыда 25 метр биіктіктен «тарзанкадан» секірген әйел көз жұмды.

12 қазан күні Қарағандыда қонақүйдің шатырына орнатылған аттракционда әйелдің қаза болу ісіне байланысты күдікті ұсталды.



Соңғы жаңалықтар