Атқа мінген баланың арманы асқақ, абыройы биік болады – атбегі Ақылбек Ишанов

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Атқа мінген баланың арманы асқақ, абыройы биік болады. Осы орайда атбегі, жеке кәсіпкер, ұлттық спорт жаттықтырушысы Ақылбек Ишанов ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

- Ақылбек Миразатұлы, жас ұрпақтың атқа жақын болып өсуінің маңызы неде деп түсінесің?

- Жылқы – біздің мақтанышымыз. Өткенімен мақтанатын қай қазақты алсаңыз да, біздің ата-бабамыз ат үстінде жүріп ел қорғаған деп әңгіме бастайды. Жылқымен біздің өткеніміз тұтасып жатыр. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың да соны жалғап, ата-бабасының жауынгерлік дәстүрінен туған ат спорты өнерін меңгеруі заңдылық.

Ат спортының маңыздылығы сол – жаһанданған дәуірде, технология қарыштап дамыған сәтте ұлттық құндылықты, жадты сақтап қалу. Сондай-ақ бұл – тек жауынгерлік өнер түрі, салт қана емес, тұтас медицина. Ат үстінде жүрген адам ешашан ауруды білмеген, бұрынғылардың ұзақ жасауының бір сыры да – сол.

Қазір балалар арасында телефонға телміріп ұзақ отырудан, дене бітімін дұрыс ұстамаудан, күш жұмсайтын жұмысты істемеу салдарынан пайда болатын аурулар көп деседі. Қарапайым ғана артық салмақты айтуға болады. Міне, атқа мінген бала сол аурудың бәріне ем табар еді. Жарты сағат атқа міну тұтас бір кешенді емді құрайды. Сондықтан атқа міну – бір жағынан салтты сақтау, екіншіден, нағыз зор денсаулықтың кепілі.

-Ата-бабаларымыз азаттықты, ат үстінде жүріп жерімізді қорғап қалды, дегенмен соңғы кезде жылқы көрмей өсіп келе жатқан ұрпақ бар, осының орнын толтыру үшін не істеуге болады?

- Иә, сөзіңіздің жаны бар. Бұрынғы қазақтарда екінің бірі атқа мінсе, қазір он баланың бірі мінсе мінер, мінбесе, ол да жоқ. Сондықтан бұл олқылықтың орнын толтыру керек. Атқа мініп бәрі бірдей шауып кетпес, бірақ сол салтты сақтау – әр ұлтжанды адамға парыз. Өткен жылдың желтоқсан айында өз балама қарап отырып «неге қала балаларын осылай атқа баулымасқа, ат құлағында ойнамаса да, тым болмаса оны ерттеудің, дұрыс мінудің, жүрудің тәсілдерін меңгертпеске» деген ой келді. Содан «Азамат» ұлттық-танымдық лагерін ұйымдастырдық. Нәтижесі біз ойлағаннан да күшті болды. Ата-аналар мен балалардың қызығушылығы өте жоғары. Алайда елдегі эпидахуалға байланысты кең көлемде жұмыс жасауға мүмкіндік болмады. Осы идеямыз Орал қаласы басшылығына ұнап, сол кездегі қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің қолдауымен біздің бастамамызды Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Орал» спорт клубының жанынан бөлім ретінде ашуға ұсыныс тасталды. Ол ұсынысты қала әкімі Абат Шыныбеков және депутаттық корпус та құп алып, 2021 жылдың 26 сәуірінде біздің базамызда спорт клубтың ат спорты бөлімі ашылды. Осылайша олқылықтың орнын толтыруға үлкен қадам жасалды. Қазіргі таңда ат спорты бөлімінде ат спортының жамбу ату, теңге ілу, көкпар және аударыспақ түрлері бойынша 100-ден аса бала тұрақты жаттығуға келіп жүр. Одан бөлек қала мектептері мен оқу орындары оқушылары мен студенттеріне экскурсиялар өтіп тұрады. Алайда бір ғана бөлім аздық етеді. Қала үлкен, біз қаланың бір шетіндеміз. Мәселен, 5, 6, 7, 9-шағын аудандардан ата-аналар хабарласады, бірақ алыс дейді. Сондықтан мемлекет тарапынан осы жағын ойластыру керек. Қала шетінде ат ұстап отырған іскер азаматтарды ынталандырып, жұмылдыруға болады деп ойлаймын.

- Атбегі ретінде өзіңді не толғандырады?

- Қазір балаларды ат спортына баулудан бөлек, бәйге аттарын баптаумен айналысамыз. Еліміздің барлық өңірінде бәйге спорты өте қарқынды дамуда. Алайда бәйгенің алдын бермейтін жүйріктердің көбі шеттен кіреді. Осы Тәуелсіздіктің 30 жылында сырттан кірген жүйрік аттарды санап жатқан ешкім жоқ. Оның бізге берген нәтижесі де мардымсыз. Менің айтпағым, сол сырттан кірген жүйріктер мен біздегі жылқыларды будандастырып, қолтума жылқыларды шығарып, оларды ресми есепке алып, бәйгеге қосу мәселесі. Былтырдан бері алматылық атбегі Ертілеу Сатыбалды деген азамат осы мәселемен айналысып жүр. Ол кісі көптеген өңірді аралап, қолтума жылқылардың құжатын жасады. Өз қорамда да сондай екі ат тұр. Егер ол кісілердің бастамасы мемлекет тарапынан кешенді қолдауға ие болса, алдағы бесжылдықта Қазақстанның өз аттары бәйгенің алдын бермес деп сенеміз.

- Ақмоншақ екеуің төрт баланы тәрбиелеумен бірге бие байлап, тұрғындарға саумал, қымыз дайындап келесіңдер. Осы жөнінде айта кетсең?

- Бұл кәсіппен айналыса бастағанымызға төрт жылға жуықтады. Әрине, қала маңында жылқы ұстаудың өз машақаты бар. Алайда соған қарамастан өңірде саумал, қымыз ішу мәдениетін біршама дамыттық деп айта аламыз. Қазіргі таңда біз жасақтаған шағын орын қала тұрғындарының іздеп келіп, саумал, қымыз ішетін орнына айналды. Өзіміз бұрын педагог болғандықтан халықты барлық жағынан ақпараттандырып отыруға тырысамыз. Алдағы уақытта бұл жерді кеңейту, этнокешен ретінде жасақтау, сол жерде халықтың өткені мен бүгінгі салт-дәстүрін, мәдениетін ұштастыратындай дүниелер жасау ойда бар.

- Жуырда 9-13 жасар балалар атқа мініп, көкпар тартты, ертелеу емес пе?

- Өзімнің жанымда жүрген, ат үстіне әбден үйренген балалар бар, сонымен қатар спорт клубқа келіп жүрген балалардың ішінде икемділері бар екенін көрдім де, бір жаттығуда қарап тұрып «Ертең шын серке тартасыңдар, тай көкпар жасаймыз» деп айтып едім. Содан балалар артымыздан қалмай «қашан көкпар ойнаймыз» деп сұрап қоймады. Ынталары бар болса, аттан қорықпай тұрса, неге ұйымдастырмасқа?

Көкпар – нағыз жігіттің ойыны. Оған ең алдымен ат үстіндегі ептілік, білекке күш керек. Міне, балалар жас болса да, содан қашпады. Еңкейіп серке ілуге жасқанбады. Әрі қарай ат спортына қызуғышылығы артсын, буындары қатайсын, шын ойынды көрсін деп өткіздік. Ойындары өте қызықты болды. Мұндай ойынның батыс өңірінде өтуі бірінші рет, кем-кетігі бар. Алайда балалардың алаңға атой салып кіруі, додадан қорықпауы – батырлық.

- Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде қандай табыстарға қол жеткіздім деп ойлайсың?

- Жақсылықтың бәрін халықтың арасында бірге көріп келеміз. Маман ретінде шыңдалып, кәсіпкер ретінде өсу кезіміз осы жылдарға тиесілі. Осы жылқы шаруашылығы арқылы мемлекет тарапынан берілетін грантқа ие болдық, кәсіпті дамытуға несие алдық, шағын мектебімізді қалыптастырдық. Қазір Батыс өңірінде жылқы өнімі мен ат спорты арқылы бала тәрбиелеу туралы айтылғанда, ішінде өзіміздің атымыз аталғанын жетістік деп ойлаймыз. Адамдардың біз туралы пікірлеріне қарап отырсақ, сол аз уақытта халық көңілінен шығатын жұмыстарды жасап келеміз. Бағаның ең үлкені де, жетістіктің ең биігі де – халықтың шын көңілі.

- Әңгімеңе рахмет. Істерің табысты болсын!

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 9-13 жастағы балалардың алғаш рет көкпар сайысына түскенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар