Атбегілер Алматы ипподромының атқораға айналғанына шағымданды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы орталық ипподромының атбегілері мен шабандоздары ипподромның бүгінгі жағдайына байланысты өз наразылықтарын білдіруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған мәселеге сәйкес, олар Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров пен Алматы ипподромы-СВС тобының бас директоры Владимир Браунның атына, Nur Otan партиясына хат жазды.

Хатта ипподромның тозаң мен шаңға көмілгені, аумақтың мүлде тазаланбайтыны, бос пакеттердің ұшып жүргені, бөтелкелердің шашылып жатқаны, айлар бойы үйіліп жатқан көңнің инфекция, шыбын жинап жатқаны жазылған.

Осы мәселе бойынша Зауыт жылқылар тұқымдары бойынша Республикалық Палатаның жетекшісі Талғат Жайсанбаев өз пікірін білдірді.

«Кеңестік кезеңде бұл ипподром ең жақсы ипподром болатын. Еліміздің басқа ипподромдары осы ипподромға қарап, бой түзейтін десе болады. Ал қазір бұл ипподром бұзылып, жарамсыз болуда. Тіпті, апаттық жағдайға жетті. Осыған орай, мемлекет жеке меншік иесінің сақтау міндеттемелерін бұзғаны үшін ипподромды өз қарамағына алғаны дұрыс шешім болар еді деп ойлаймын. Себебі, архитектуралық мұраның бүгінгі иесі оны сақтап, оның жойылуына жол бермеуге міндетті»,- деді ол.

Айта кетейік, Алматы әкімдігінің 2021 жылғы наурыз айындағы № 1/191 «Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, Алматы ипподромы сәулет және мәдениет ескерткіші болып танылған.


Соңғы жаңалықтар