Атбасар мен Астрахан ауданында су тасқынының алдын алу үшін қосымша күш жұмылдырылуда

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Атбасар мен Астрахан аудандарына су тасқынының алдын алу үшін қосымша құтқарушылар тобы аттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы жылы Ақмола облысында қар жылдағы нормадан көп түсті. Өңірде су тасқыны болуы мүмкін. Жергілікті билік тарапынан Атбасар қаласы және елорда маңындағы елді мекендерде су тасқынының болдырмау және апатсыз өткізу бойынша қауіпсіздік шаралары қолға алынуда.

«Бүгін Атбасар және Астрахан аудандарына апатты-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін құтқарушылар тобын жіберіп отырмыз. Топта ТЖД жеке құрамынан 57 адам және 15 арнайы техника бар. Өңірде көктемгі су тасқынының алдын алу жұмысына 1 мың бірлік техника жұмылдырылып, 1,5 миллион текше метр қар шығарылды. Сонымен қатар, 93 мыңнан астам құм салатын қап, 31 мың тонна инертті материалдар әзірленді», - дейді ТЖД бастығы Алексей Советов.

Атбасар ауданында тасқын суға қарсы шаралар жасалуда. Оның ішінде Атбасар қаласында жағдайдың күрделеніп кетуінің алдын алу бағытында азаматтық қорғаныс, жергілікті ұйымдар мен кәсіпорындардан жалпы саны 154 және 48 техника жұмылдырылды. Төрт жедел топ құрылып, 12 наурыздан бастап, су тасу қауіпі бар аумақтарда тәулік бойы кезекшілік жасауда. 14 наурыздан бастап аудандық әкімдікте су тасқынымен күресу бойынша жедел штаб құрылып жұмыс істеуде. Атбасар қаласы мен селолық округтерден 87 458 текше метр қар шығарылды. Өзендердің мұзы жарылыс жасау арқылы бұзылды, арықтар мен су өткізу нысандары қардан тазартылды.

Қазіргі таңда азаматтық қорғаныс күштері №1 орта мектеп аумағына 13 267 құм салынған қап, №4 орта мектеп аумағына 2 мың және корекциялық мектеп аумағына 1 мың қап төседі.

Соңғы жаңалықтар