Атаулы күнде дүниеге келгенімді мақтан етемін - Азамат Қабақов

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда тұрғыны Азамат Қабақов осыдан 28 жыл бұрын еліміз тәуелсіздік алған күні дүниеге келген. Ол атаулы күнде дүниеге келгенін мақтаныш санайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Азамат 1991 жылы 16 желтоқсанда Арал ауданы Қамыстыбас ауылында дүниеге келген. Әкесі Жанат пен анасы Күлән атаулы күнде дүниеге келген нәрестесіне Азамат деген есімді қоюға шешім қабылдады. Бүгінде ол еңбек жолына араласып, Қызылорда облысы әкімдігіне қарасты өңірлік коммуникациялар қызметінде еңбек етеді.

Азамат мектеп бітіргеннен кейін Тараз мемлекеттік университетінде білім алды. Одан кейін туған жерге оралып, еңбек жолын бастап кетті. Бүгінде ол өзі де отау көтеріп, Айжан есімді сүйген жарымен шаңырақ шаттығына кенеліп отыр.

«Атаулы күнде дүниеге келгенімді мақтан етемін. Сол күні мемлекетіміз тәуелсіздік алды. Қазақтың қалың тарихына үңілсең, талай рет тағдыры қыл ұшында тұрғанын байқайсың. Тағдырдың сын тезінен аман қалған халқымыз білектің күшімен, найзанын ұшымен ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын кең даланы бізге аманат етті. Ата-баба арманына біз жеттік. Ел тарихындағы елеулі күнде дүниеге келуім жүрегіме шуақ шашады. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас болуымды маңдайға жазыпты. Тағдырдың сыйымен келген бұл күн - мен үшін үлкен жауапкершілік. Қазір әр қадамыма есеп беріп, әрбір ісіме жауапкершілікпен қараймын. Күш-жігерімді Отанымды көркейтуге, гүлдендіруге жұмсаймын. Халқымның бақытты болуын қалаймын. Асқақ елдің арманы биік, адастырмайтыны кәміл. Қандай қызметті болса да, мінсіз атқаруға күш саламын. Мен Тәуелсіздікті осылай түсінемін»,- деді Азамат.

Азамат қашанда өзінің елгезек мінезімен ерекшеленіп тұрады. Аға буынға інілік ізгі қасиетін көрсетіп, кішілерге қамқорлық танытып жүргенін жиі байқаймыз. Өзінің қызметінде әріптестерімен ой бөлісіп, жұмыстың жүйеленуіне көңіл бөледі.

«Еркін, тәуелсіз елде өмір сүру адамның алаңсыз, бақытты ғұмырының кепілі болмақ. Тәуелсіздік - қастерлі ұғым. Тәуелсіздіктің тұғырлы, берік болуы - елдегі әрбір адамға байланысты. Ата-бабаларымыз аңсаған азаттығымыздың бағасын білгеніміз абзал», - деді Азамат.

Соңғы жаңалықтар