Атаулы әлеуметтік көмекті төлеу шарттары қайта қаралады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Атаулы әлеуметтік көмек төлеу шарттары қайта қарастырылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атаулы әлеуметтік көмек алатын балалардың 60 пайыздан астамы көпбалалы отбасыдан шыққан. Сондықтан біз олар үшін республикалық бюджеттен жекелеген мемлекеттік жәрдемақы енгізуді жоспарлап отырмыз. Ол еліміздегі барлық көпбалалы отбасыларға төленеді. Аталған жәрдемақының көлемі балалар санына қарай сараланған болады. Орташа есеппен бір балаға 10-11 мың теңдеген беріледі. Жалпы мөлшері 2018 жылдан тоқтатылған осындай жәрдемақы мөлшерінен 4-7 есе артық», - деді Біржан Нұрымбетов.

Осы орайда министр атаулы әлеуметтік көмек көпбалалы отбасыларға төлене беретіндігін және оның тетіктері қандай екенін айтты.

«Аз қамтылған отбасыларды анықтайтын ең төменгі күнкөріс шегінен 70 пайыздық критерий қала береді. Отбасының әрбір мүшесіне атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері бұған дейінгідей отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі мен ең төменгі күнкөріс шегінің 70 пайызы арасындағы айырма ретінде анықталады. АӘК алу процедурасы мен шарттарын қайта қарастырамыз. Меніңше, процедура мен шарттары көп болған сайын халыққа да үлкен проблема жасаймыз. Ал бұл бұзушылықтарға жол беруге негіз бола түседі», - деді министр.

Сонымен қатар ол АӘК тоқсан сайын тағайындап, төлеу жүйесі қайта қолға алынатындығын атап өтті.

«Қазіргі уақытта ол 6 немесе 12 айға тағайындалады. Меніңше, онда проблема болмауы тиіс. Себебі бүгінде АӘК алу үшін құжаттарды ұсынудың қажеті жоқ. ЖСН мен өтініш болса жеткілікті. Учаскелік комиссиялардың да жұмысын күшейтеміз. Еңбек министрлігі қажеттілік критерийін анықтап, оны учаскелік комиссияларға жетткізеді. Комиссия тексеріп, шешім шығаруы үшін уақытты біршама ұзартамыз», - деді ол.

Еске салайық, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бүгін Үкімет отырысында атаулы әлеуметтік көмекті берудің қолданыстағы жүйесін өзгертетін заң жобасын таныстырды. Басты бағыт - еңбекке ынталандыру, азаматтардың табыстарын және мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділеттікті қамтамасыз ету.

Жаңа заң жобасында көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыны табысына қарамастан төлеу ұсынылып отыр. Ол балалардың санына қарай 42500 теңгеден 73 мың теңгеге дейін сараланған мөлшерде беріледі.

Сондай-ақ министр атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа шарттарын атады. Бұдан бөлек, табысы аз отбасындағы балаларға кепілді әлеуметтік топтама енгізілмек.

Мәліметке сәйкес, табысын жасыру арқылы АӘК-ті заңсыз алған 73 азамат мемлекетке 156 млн теңге қайтарды.

Соңғы жаңалықтар