Атаулы әлеуметтік көмекті тоқтату, заңсыз алу және шара қолдану - министрлік өкілі жауап берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН, ҚазАқпарат - Биыл 1 сәуірден бастап көпбалалы отбасыларға арналған 21 мың теңге туралы заң күшіне енген болатын. Соңғы уақытта ақшалай көмекті заңсыз алушылар туралы ақпарат кеңінен тарап, қоғамда дау тудырған мәселеге айналды. Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің басқарма басшысы Аяжан Жанғабылова бірқатар сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

25,1 МЫҢ ОТБАСЫҒА АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ТӨЛЕМДЕРІ ТОҚТАТЫЛДЫ

- Отбасының атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алғаны қалай анықталды?

- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Е-Халық» ақпараттық жүйесі арқылы атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуы мен төленуінің дұрыстығына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мониторинг нәтижесінде анықталған фактілер бойынша учаскелік комиссиялармен бірге үй аралаймыз.

- Қанша адам осы көмек түрін заңсыз алды? Статистика бар ма?

- «Е-Халық» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілген мониторинг нәтижелері АӘК алушылардың жалған ақпарат ұсынуының 73,8 мың фактісін анықтады. Нәтижесінде, бүгінде 25,1 мың отбасыға төлем тоқтатылды, 5,1 мың отбасыға төлемдер уақытша тоқтатылды, 40,5 мың отбасыға қайта есептелді.

852 МАЛЫ БАР ОТБАСЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛЫП КЕЛГЕН

- Атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алғаны анықталғаннан кейін, соған дейін алып келген қаражатты мемлекетке қайтарған жағдайлар болды ма?

- Бүгінгі таңда заңсыз бөлінген АӘК-тің бюджетке қайтарымы 307,8 млн теңгені құрады.

- Басында бірнеше үй, көлігі бар адамдар да атаулы әлеуметтік көмек алып келген фактілерді келтіре аласыз ба?

- Мониторинг нәтижелері АӘК алушылар жалған ақпарат бергені анықталды. Мысалы, Алматы облысында бірнеше үйі бар жеті жанұя осы жылдың 11 маусымынан бастап АӘК алған, бірақ тексеру барысында бұл отбасының атына 852 малы бар ферма тіркелгені анықталды.

АРТЫҚ ТӨЛЕНГЕН СОМАЛАР ЕРІКТІ ТҮРДЕ НЕМЕСЕ СОТ АРҚЫЛЫ ҚАЙТАРЫЛАДЫ

- Атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алғандарға қандай шара қолданылады?

- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, егер алушы АӘК мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы уақтылы хабарламаса, көмек мөлшері көрсетілген жағдайлар туындаған кезден бастап қайта есептеледі, бірақ ол тағайындалған күннен ерте емес және егер өтініш беруші АӘК-нің заңсыз тағайындалуына әкеп соқтыратын жалған ақпарат берсе, төлем адамға (отбасына) АӘК тағайындалған мерзімге тоқтатылады. Артық төленген сомалар ерікті түрде, ал бас тартқан жағдайда сот арқылы қайтарылуы керек.

Айта кетерлігі, Egov порталында, министрліктің ресми интернет-ресурсында мәртебені тексеру бойынша ақпараттық жүйеге сұрау жіберу үшін интерфейс әзірленді (ол үшін ЖСН енгізіп, сұрау салуды жіберу қажет) және электрондық үкімет порталының басты бетінде орналасқан «борыштық жүктемені төмендету бойынша бағдарламаға қатысу үшін мәртебені тексеру» электрондық сервисінің көмегімен (ол үшін ЭЦҚ қажет болады).

Еске сала кетсек, бұған дейін 12,6 млн теңге айлық табысы бар кәсіпкерге атаулы әлеуметтік төлем тағайындалғаны туралы жазған болатынбыз. Отбасының орташа кірісі бір адамға 700 мың теңгеден астамды құраған, бұл - АӘК алу критерийлерінен 34 есе жоғары.

Соңғы жаңалықтар