Атамқұлов әкімдіктерді жол бойында көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл республикалық жолдардың бойында ұлттық стандартқа сай қызмет көрсететін 125 нысан салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда республикалық маңыздағы жолдардың бойында 1854 қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 1070-і, яғни, 58%-ы ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов осындай статистика келтірді.

«Біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін барлық жолдарды Ұлттық стандарттарға сәйкес келетін жол бойындағы қызмет көрсету нысандарымен қамтамасыз етеміз. Жол бойындағы қызмет көрсету нысандары бойынша талаптар бекітілген. Оларды дамыту жұмыстарын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүргізуде», - деген министр жыл соңына дейін осы талаптарға сай келетін 125 жаңа нысан салынатынын айтты.

«Якорлық инвесторлар есебінен санитария тораптары мен тамақтану пункттері бар 38 жанармай құю станциясы, жеке инвестициялар есебінен және қайта жөндеу жұмыстары аясында 87 санитарлық-гигиеналық торап салынады.

Биыл нормативтік талаптарға сай келетін нысандар үлесі 66 пайызға (1322 бірлік) дейін жеткізіледі», - деді ведомство басшысы.

Өз сөзінде Бейбіт Атамқұлов, 2025 жылға дейін қосымша 400-ден астам заманауи нысан салынатынын еске салды.

«Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салу және олардың жағдайы қоғамда кеңінен талқылануда. Осы ретте облыс әкімдіктері мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аталған жұмысқа белсене қатысуы керек. Жаңа трассалық кешендер құрылысы бойынша Ақтөбе (4), Алматы (3) және Қарағанды (3) облыстары оң нәтиже (А және В санаттары) көрсетуде. Солтүстік Қазақстан (38 пайыз) және Маңғыстау облыстары (43 пайыз) қолданыстағы нысандарды нормативті талаптарға келтіру жұмыстарын күшейтуі қажет», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Еске салсақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі аталмыш шарада Қандыағаш-Мақат бағытындағы 327 шақырым жол биыл ашылатынын мәлім еткен болатын.

Ведомство жол құрылысы маусымында битум бағасының өсуіне жол бермеу мәселесін пысықтап жатыр.



Соңғы жаңалықтар