Атамекеніне оралған қандастар Қазақстанның қай өңірлеріне қоныстанады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Қайрат Бодаухан шет елдерден көшіп келген қандастардың қай өңірлерге қоныстанатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2012 жылы оралмандар үшін 2011-2014 жылдарға арналған квота айқындау туралы Үкімет қаулысы кері қайтарып алынды. Мәселен 2012-2017 жылдары этникалық қазақтарды қоныс аударуға квоталар мүлдем белгіленбеді. Алайда, осы жылдарда ел аумағына мемлекеттің ешбір қолдауынсыз, өз мүмкіншіліктерімен 120 303 қандас келіп, орналасқан», - деді Қайрат Бодаухан «Отандастар қоры» КЕАҚ жанындағы қоғамдық комиссияның отырысында.

Оның айтуынша, демографиялық ахуалы төмен деп есептелетін бес өңір – Ақмола, ШҚО, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы көші-қон жағдайы алаңдатып отыр. Соңғы бес жылда аталмыш өңірлердегі сыртқы көші-қон сальдосы - 87 633, ішкі көші-қон сальдосы - 86 098 адамды құрап отыр.

«Ал қазіргі кезеңде ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы № 83 қаулысына сәйкес отандастарды қоныстандыру үшін 7 өңір таңдалды, олар – Ақмола, Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары. Осы шешім негізінде 2017 жылдан бастап квоталар отбасы санымен емес, адам санымен белгіленеді», - деді Қ. Бодаухан.

Айта кетейік, аталған 7 облысқа биыл 1378 этникалық қазаққа квота беріліп отыр. 1991 жылдан бері елімізге 1 миллионнан астам қандас көшіп келген.


Соңғы жаңалықтар