Асыранды балаларынан бас тартса да, алимент төлеуден құтыла алмады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қорғалжын ауданында асыранды балаларынан бас тартқан ата-ана алимент төлейтін болды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.

Прокуратураның мәліметі бойынша, Корғалжын аудандық прокуратурасымен азаматтардың конституциялық құқығын қорғау бойынша тұрақты тексеріс жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе, кәмелеттік жасқа толмағандардың құқығын сақтауды қадағалауға ерекше көңіл бөлінуде.

Осындай тексерістердің бірінде Н. және Б. есімді азаматтар асыранды балалары К. және А.-дан бас тартқаны анықталды. Тексеріс барысында белгілі болғандай 2006 жылы ерлі-зайыптылар Н. мен Б. өзара балалары болмағандықтан 1998 жылы туған А. есімді қыз бен 1999 жылғы К. есімді ұлды асырап алу жөнінде сотқа өтініш береді. Қорғалжын аудандық соты бұл екеуінің ниетін қабыл алып, аталған балаларды асырап алуға рұқсат береді.

Алайда, араға 3 жыл салып, 2009 жылдың 3 қарашасында бұл екеуі Қорғалжын аудандық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға, сондай-ақ, қамқоршылық және қорғаушылық органдарына балалардың тәрбилеуге көнбейтінін, нашар оқитынын, ұрлық пен бұзақылыққа жақын тұратынын сылтауратып балалардан бас тартатыны жөнінде арыз береді.

Кейін белгілі болғандай, К. және А. есімді балалардың асырап алушылармен бірге тұрмағаны және осы күнге дейін олардың мәртебесі сот тәртібімен анықталмаған болып шықты. Ал бұл өз кезегінде асырап алушылар тарапынан ҚР бала құқығы туралы Заңның 24-бабы, ҚР Неке және отбасы туралы кодексінің және ҚР Конституциясының 27-бабының бұзылғанын көрсетеді.

Осыған орай, аудандық прокуратура кәмелеттік жасқа толмағандардың құқығын қалпына келтіру мақсатында Ақмола облысы бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сотқа К. және А.-ны асырап алудағы рұқсаттың күшін жою жөнінде өтініш талабын жолдайды.

Ағымдағы жылдың 18 наурызында аталған сот прокуратураның өтініш талабын қанағаттандырып, К. және А.-ны асырап алудағы рұқсаттың күшін жояды және асырап алушыларға балалар кәмелеттік жасқа толғанша алимент төлеп отыруды міндеттейді.

Соңғы жаңалықтар