Астаналықтар жас әртістер қойған «Дон Жуан» операсын тамашалады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордалық өнерсүйер қауым әйгілі «Дон Жуан» операсын жас әртістердің орындауында тамашалау мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған премьераны сахналаудың ерекшелігі сол барлық рөлдерді «Астана Опера» театры жанындағы халықаралық опера академиясының жас тыңдаушылары орындайды. Яғни, жас әртістердің дені үлкен сахнаға алғаш шығып отыр.

Спектакльдің дирижерлері итальяндық маэстро, «Астана Опера» театрының арт-менеджері Джузеппе Акуавива мен Руслан Баймурзин. Қоюшы режиссер Алла Симонишвили және бас хормейстер Ержан Дәуітов.

«Моцарт өз шығармаларында бірнеше эстетикалық кезеңді қамтыды. Жетілген бароккодан бастап, классицизмнен өтіп, эстетиканың романтикалық кезеңіне дейін жетті. «Дон Жуан» Моцарттың данышпан ақын Лоренцо да Понте бірлесіп жазған опералардың бірі. Ол Батыс әдебиетінде көңілді тілде айтылатын драма ретінде анықталған. Аталған туынды маңызды деген дүниелерді күлкілі етіп жеткізеді деуге болады», – дейді қоюшы режиссер Алла Симонишвили БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап бере тұрып.

Сондай-ақ қоюшы режиссер дайындық барысында қандай кедергілердің кездескенін айтты.

«Дайындық кезінде қиындықтар туындады. Сахналық тәжірибесі жоқ адамға көңіл-күй, қозғалыс пен операны орындауды біріктіру қиынға соғады. Себебі үйлестіру жағы күрделі. Әнші операны орындаумен қатар, рөлді сомдайды. Оның үстіне «Дон Жуан» операсы одан әрі қалай өрбиді деген жайттар мен эмоцияға толы шығарма. Бір орында тұрып ән айтуға дағдыланған орындаушы үшін қимыл қозғалысты қатар алып жүру оңай емес. Бұл бағытта әртістер біраз жұмыс істеді», - дейді ол.

«Дон Жуан» операсындағы басты партияны «Астана Опера» опера және балет театрының солисі Расул Жалмағанбетов орындады.

«Моцарт жазған партияны алғаш рет орындаймын. Қандай рөл болмасын кез-келген партияға байыппен қараймыз. Сондықтан шынайы бейнелеу мен музыкалық тұрғыда қиындықтар бар. Моцарт - менің сүйікті композиторларымның бірі. Рөлге үйренуге қоюшы режиссер Алла Симонишвили көмектесті. Ол кісі өте сауатты әрі сезімтал. Қоюшы режиссер «Сенің рөліңдегі «Дон Жуан» басқа орындаушылардан өзгеше болуы керек», - деді. Мен орындайтын «Дон Жуан» өз даралығымен ерекшеленеді деп ойлаймын», - дейді Расул Жалмағанбетов.


Соңғы жаңалықтар