Астаналық режиссер «Нано-Опера» халықаралық байқауында жеңімпаз атанды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Астана Опера» театрының режиссері Еренбақ Тойкенов Мәскеуде өткен «Нано-Опера» V халықаралық жас опера режиссерлері байқауында екінші орын иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл байқау жас опера режиссерлеріне арналған. Жас режиссерлер үшін театр әлеміне жолдама десек те болады. Халықаралық байқаудың маңызы зор, оның үстіне опера ең қымбат өнер түрі. Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу мен турдың нәтижесінде соңында 6 үміткер ғана қалдық. Жалпы 200-ден астам адам қатысты. Олардың көбісі режиссер болып жұмыс істеп жүргендер, яғни саланың қыр-сырын біледі», - деді Еренбақ Тойкенов тілшілерге берген сұхбатында.

Отандасымыз халықаралық байқау барысында бірнеше қойылымнан үзінді көрсеткен.

Оның ішінде «Сибирский цирюльник», «Кармен» және хор.

«Біз жоғарыда аталған туындылардан үзінді ғана көрсеттік. Яғни 10 минуттың ішінде аталған туындының мәнін ашып, ол көрерменнің көңілінен шығуы тиіс. Аталған байқаудың тағы бір ерекшелігі әділқазы мүшелері опера саласының майталмандары. Олардан көп дүниені үйренуге болады. Жас режиссерлер үшін таптырмас мүмкіндік», - дейді ол.

«Нано-Опера» халықаралық байқауында бірінші орынды мәскеулік режиссер, екінші орынды қазақстандық режиссер және үшінші жүлдені Санкт-Петербургтен келген режиссер жеңіп алған.

Сондай-ақ жерлесіміз Еренбақ Тойкенов негізгі жүлдеден бөлек, медиа саласы бойынша ірі басылымдардың 2 арнайы сыйлығына ие болған: «Опералық режиссура өнеріне деген жасампаз көзқарасы үшін» және көрермендер көзайымы сыйлықтары.



Соңғы жаңалықтар