Астаналық оқушылар қаланың бірегей нысандары туралы кітап шығарды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Астананың жалпыұлттық киелі орындары» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Кітапты «Рухани жаңғыру» бардарламасы аясында Білім басқармасы мен Оқушылар сарайы бірлесіп шығарған. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.

Елордадағы нысандардың тарихын зерттей келе Оқушылар сарайының «Жас өлкетанушылар» үйірмесінің тәрбиеленушілері осы кітапты қарапайым әрі түсінікті тілмен жазып, мәдени нысандардың суреттерін қосқан. Оған бас қаламыздағы тарихи мәнді, рухани құнды жиырма нысан енген. Олардың қатарында Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Сәкен Сейфуллин атындағы музей, «Бәйтерек» монументі, «Мәңгілік ел» қақпасы және тағы басқа нысандар бар.

«Кітап «Жас өлкетанушылар» үйірмесі тәрбиеленушілерінің еңбегі. Негізі кітап шығарамыз демедік. Қала тарихын тереңінен білу мақсатында үйірмеге келіп жүрген балаларға өздері қалаған бір нысанмен танысып, ғылыми жұмыс жазуды ұсындық. Балалар үлкен қызығушылық танытып, ақпаратты интернеттен ала салмай, әр нысанға барып, тарихымен танысты. Өздеріне де танымдық жұмыс болды. Содан кейін осы нысандар тарихын басқа да балалар білсін, таныссын деген ниетпен кітап етіп шығару ұсынылды. Білім басқармасы біздің ұсынысты қолдады», - деді Оқушылар сарайы директорының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нәбиболла Досболов.

Кітаптың таралымы - жүз дана.

 

Соңғы жаңалықтар