Астаналық бойжеткен мас әкесінің үстінен шағым түсірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астаналық бойжеткен мас әкесіне шағымданды. 51 жастағы ер адам отбасында жанжал шығарған. Бүгінде кикілжің шығарған азамат жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Күндіз «102» желісіне 51 жастағы әкесінің үстінен шағымданған елорда тұрғыны хабарласты. Айтуынша, әкесі мас күйінде туыстарымен жанжалдасып, әдепсіз сөйлеп психологиялық қысым көрсеткен. Белгілі болғандай ер адам бұған дейін әкімшілік жауапқа тартылған. Жанжал шығарған ер адамның үстінен әкімшілік іс қозғалып, кінәлі 7 тәулікке қамалды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Полиция департаментінің хабарлауынша, 1 қыркүйек пен 1 желтоқсан аралығында елорда аумағында «Учаске» жедел-профилактикалық шарасы өтіп жатыр.

Осы уақыт аралығында полиция инспекторлары өздеріне бекітілген учаскелерді аралап, халыққа түсіндіру жұмысын жүргізеді.

Сонымен қатар аталған шара барысында жалға берілетін пәтерлер, қару-жарақ сақтаушылар, шетел азаматтары, тұрмысы нашар отбасы, базарлар, кәмелет жасына толмаған жасөпірімдер мен жастар жиі жиналатын орындар тексеріледі.

Хабарламада айтылғандай, «Учаске» жедел-профилактикалық шарасы басталғалы тәртіп сақшылары 155 мыңға жуық пәтер мен 23 мыңға жуық жеке тұрғын үйді аралап шықты. Одан бөлек, тұрғылықты мекенжай бойынша 9 мыңнан астам ІІО-да есепте тұрған азаматтар тексерілді.

Тексеру барысында 1 мыңнан астам қолма-қол жалға берілетін пәтер анықталып, ол туралы дерек қалалық Мемлекеттік кірістер департаментіне жолданды.

Жалпы жедел алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері 19 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде ҚР ӘҚБК - нің 492-бабы бойынша «ҚР-да тіркеусіз тұру» - 6922, ҚР ӘҚБК-нің 434-бабы «ұсақ бұзақылық» - 193, ҚР ӘҚБК-нің 440-бабы бойынша «қоғамдық орында масаң күйде болу» - 2413 адам және тағы басқа.

Учаскелік полиция инспекторлары жергілікті атқарушы орган өкілдері мен жұртшылықты тарта отырып, проблемалық мәселелерді зерделеу және шешу үшін халықпен кездесулер өткізеді.


Соңғы жаңалықтар