Астанаға жарысқа келген спортшылар қонақүйде төбелес шығарған

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 20 маусымда елорда полиция қызметінің «102» нөміріне Қорғалжын тасжолында орналасқан қонақүйдің нөмірінде белгісіз біреу ер адамға пышақ салып, оқиға орнынан ізін жасырғаны туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция департаментіне cілтеме жасап.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел келіп жетті.

Тексеріс кезінде бір топ жастардың 15 маусым күні елордаға қазақша күрестен республикалық жарысқа Ақтөбе қаласынан келгені анықталды.

Жарыс аяқталған соң 20 маусым күні олар қонақүйге келген. 21 жастағы екі ер адамның арасында жанжал шығып, арты төбелеске ұласты.

Салдарынан оның біреуі екіншісінің кеуде тұсына пышақ жарақатын салған. Жәбірленуші ауруханаға жеткізілді.

21 жастағы күдікті ер адам ұсталып, уақытша оқшаулау абақтысына қамалды.

Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Бұдан басқа, тергеу аясында аталған жарысты ұйымдастырушыларға баға беріледі.


Соңғы жаңалықтар