Астанадағы кәсіпқой бокс кеші: Жанқош Тұраров «Батыл жүрекпен» кездеседі

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 18 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында өтетін кәсіпқой бокс кешінде профирингте жеңіліп көрмеген қазақстандық спортшы Жанқош Тұраров (24-0, 17КО) өнер көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасында мәлім етілгендей, оның оппоненті «Батыл жүрек» лақап атымен танымал, 39 жастағы мысырлық Абдумонем Саид (22-1-1, 11КО) болады.

Ж.Тұраров үшін бұл 2019 жылдан бергі алғашқы жекпе-жек болады. Ол кезде боксшымыз Аргентина өкілі Мауро Максимильяно Годояны (35-7-1, 17КО) үшінші раундта нокаутқа жіберген болатын.

А.Саид болса бұған дейінгі айқасын 2020 жылдың соңында өз елінде өткізген еді. Каирде ол өз отандасы Валид Тавфикті дисквалификациямен жеңіп, бірінші жартылай орта салмақтағы ұлттық чемпион титулын жеңіп алды.⠀



Еске салайық, 18 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған кәсіпқой бокс кеші өтеді.

Кештің басты айқасы жартылай орта салмақтағы Данияр Елеусінов (10-0, 6КО) пен мексикалық Данте Хардон (41-7, 25 КО) арасында белгіленді. Елеусінов бірден екі титул: IBF Inter-Continental нұсқасы бойынша әлем чемпионы және IBO титулы үшін қолғап түйістіретіні айтылған еді. Алайда, кеше Д. Хардон қолын сындырып алғаны және оған дәрігерлер рингке шығуға тыйым салып отырғаны мәлім болды.

Сондай-ақ кеш аясында ауыр салмақтағы боксшымыз Иван Дычко (10-0, 10 КО) ресейлік Александр Устиновқа (36-5-1, 27 КО) қарсы шығады.

Бұдан бөлек, Данияр Елеусіновтің інісі Дәурен Елеусінов (8-1-1, 7 КО), Айдар Шәрібаев (8-1, 7КО), Дәулет Дәукенов (9-2, 4КО) өнер көрсететіні жоспарланған.

Профибокс кеші «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.







Соңғы жаңалықтар