Астанада жасөспірімдер түн ішінде ойын клубында жүрген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада түн ішінде ойын клубында жүрген 6 жасөспірім анықталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қалалық ПД «Сарыарқа« аудандық ювеналды полициясының қызметкерлері сағат 23:36-да Есенберлин көшесі бойындағы «Джакс« ойын клубын тексеру барысында 14-17 жастағы 6 жасөспірімді анықтады. Олардың ата-аналары балаларын қараусыз жібергені үшін түн ортасында мән-жайды анықтау үшін полиция бөлімшесіне келуге мәжбүр болды», - делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Департамент мәліметінше, жасөспірімдердің заңды өкілдеріне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабы 1-тармағымен әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Сондай-ақ алдағы уақытта мұндай келесіздіктерге жол бермеуге кеңес берілді. Ал ойын клубының әкімшісіне қатысты қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 132-бабымен әкімшілік іс қозғалды. Клуб әкімшісіне 10 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Айта кетерлігі, жыл басынан бері қаладағы ойын клубтарында түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз жүрген 100-ден астам жасөспірім ұсталған. Олардың барлығы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Соңғы жаңалықтар