Астанада робот құрастырушылардың республикалық жарысы басталды

None
None
АСТАНА.ҚазАқпарат - ЭКСПО-қалашығындағы Конгресс-орталықта «World Robot Olympiad» әлемдік роботехника олимпиадасының Қазақстандағы іріктеу жарысы басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Сайыс жеңімпаздарынан Қазақстанның ұлттық командасы құрылады және бұл команда 2017 жылдың 10-12 қараша күндері Коста-Рикада өтетін WRO-2017 әлемдік робототехника олимпиадасына қатысады.

Айта кетейік, цифрлық әлемнің ғаламдық проблемаларын шешуді және мектеп оқушыларының ойлау жасампаздығын қалыптастыруды мақсат тұтқан «World Robot Olympiad» - Әлемдік роботтар олимпиадасы 2004 жылдан бері өткізіліп келеді. Бүгінде WRO клубына 50-ден астам мемлекет, 20 мыңнан астам оқушы мүшелікке еніп үлгерді. «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы 2014 жылдан бері Әлемдік роботтар олимпиадасының Қазақстандағы робототехникадан ұлттық үйлестірушісі болып табылады.

2

Жарыстың ашылу салтанатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидинова ұлттық робототехника сайысының биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырғанын және қатысушылар санының жылдан-жылға артып келе жатқанын ерекше атап өтті.

«Қазақстанда осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған жарысқа еліміздің барлық қалалары мен облыстарынан келген 150 команда қатысуда. Олардың арасында тек қана қыздардан құралған 12 команда бар және ауыл мектептерінен екі команда жеңіске жетіп, республикалық іріктеуге келіп отыр. Былтырғымен салыстырғанда, биылғы қатысушылардың саны екі жарым есеге өсті. Бұл үлкен қуаныш», - деді Күләш Шәмшидинова.

Сонымен бірге, Күләш Ноғатайқызы Назарбаев зияткерлік мектептерінде оқитындарынды робот құрастырушылардың ерекше көзге түскен жобалары жөнінде айтып берді.

3

«Мәселен, Астана НЗМ мектебінің оқушылары жыраққа сапарлап кеткенде үйдегі балықтарды телефон арқылы тамақтандыруға мүмкіндік беретін жаңа жүйені ойлап тапты. Қызылордадағы НЗМ оқушысы мұнайды құятын цистерна ішіндегі қалдық көлемін анықтайтын қосымша жасап шығарды. Алматыдағы оқушыларымыз жол апаты жиі орын алатын көшелерді анықтап, ақылды көше жобасын жасады. Жобаға сәйкес, жолдан өткен жаяу жүргіншіге көліктің жақындап келе жатқанын білдіретін дабыл қағылады. Бұл жаңалыққа Алматы қаласындағы «Нұр Отан» партиясы қызығушылық танытты», - деді ол.

Олимпиада негізгі, шығармашылық, роботтар футболы және студенттік деп аталатын төрт санатта өтеді. Негізгі санатта белгілі бір тапсырманы орындайтын роботты жинау және бағдарламалау міндеттеледі. Шығармашылық топ қатысушылары берілген тақырыпқа сәйкес жоба дайындайды. Негізгі және шығармашылық топтар үшін тапсырмалар жыл сайын өзгеріп отырады және күрделене түседі. Роботтар футболы санатында қатысушылар футбол ойнайтын екі роботты құрастырулары тиіс. Студенттік санатта құрылыс бойынша роботтандырылған сайыс өтеді.

4

WRO-2017 олимпиадасының Қазақстандағы іріктеу жарысы екі күнге созылады және жеңімпаздар 4 шілде күні анықталады. Коста-Рикаға жолдамадан бөлек, жүлдегерлерге ультрабук, LEGO-роботтар және робот құрастыруға қажетті қосалқы бөлшектер сыйланады.

WRO-2017 әлемдік робототехника олимпиадасының қорытынды кезеңі 2017 жылдың 10-12 қараша күндері Коста-Рикада өтеді. 2016 жылы Нью-Дели қаласында өткен робототехника олимпиадасында Талдықорған қаласы НЗМ оқушылары Талғат Бек пен Анатолий Алексеев жасаған «Ғарыш қалдықтарын жоюға арналған роботтандырылған орбиталық станса» жобасы WRO-ның «Creativity Award» жүлдесін жеңіп алған еді.

5

Соңғы жаңалықтар