Астанада осы аптада өтетін іс-шаралар аңдатпасы жарияланды
2022 жылғы 19 сәуір 00:07

Астанада осы аптада өтетін іс-шаралар аңдатпасы жарияланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Апта сайын мәдениет мекемелері елорда тұрғындары мен қонақтарына қызықты әрі түрлі жанрдағы іс-шаралар, мерекелік бағдарламалар әзірлейді. Осы аптада қойылымдар, аспаптық ансамбльдердің концерттері, көрмелер, дәрістер және тағы да басқа шаралар өтеді. ҚазАқпарат бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония 19 сәуір күні сағат 19:00-де көрермендерді «Астана операдағы» К.Байсейітованың камералық залына, «Уақыт айнасы» хор музыкасының концертіне шақырады.

22 сәуірде сағат 19:00-де филармония әртістері Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығына арналған «Жез киік» концертінде өнер көрсетеді.

Күндіз мұнда «Le Printemps Romantique» симфониялық оркестрінің концерті өтеді.

Осы аптада «Жастар» сарайының әлеуметтік желідегі парақшаларында «Балбөбек» ашық қалалық балалар және жасөспірімдер шығармашылығы фестиваліне қатысушылардың, сондай-ақ «Шебер өнер» жобасы аясында кәсіби ұжымдардың өткен жылдары көрсеткен өнері жарияланады.

Музыкалық жас көрермен театры екі қойылым ұсынады. 21 және 22 сәуірде сағат 19:00-де көрермендер «Шанель» деректі драмасын, 24 сәуірде сағат 18:00-де «Шәмші» мюзиклін тамашалай алады.

М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры 19 сәуір күні сағат 19:00-де В.Гуркиннің «Народная кадриль» лирикалық комедиясын, ал кешке Н.Гогольдің «Гоголь.Петербург» сахналық қойылымын жоспарлап отыр.

23 сәуір күні сағат 11:00-де театр жас көрермендер үшін А.Болдиновтың «Приключения Аистенка» ертегісін қояды.

Сол күні кешке В.Шукшиннің «Светлые думы» әңгімесінен сахналық қойылымды көруге болады.

Қуыршақ театрында 22 сәуір сағат 16:00-де және 23-24 сәуірде 12:00, 14:00, 16:00 уақытында халық эпосының желісі бойынша Қ.Ежембектің «Ер Төстік» қойылымы өтеді.

22 сәуірде креативті индустрияны дамыту орталығы NOMAD City Hall-да «Көңілді тапқырлар алаңы» лиганың бірінші кезеңін ұйымдастырады.

Ал 23 және 24 сәуірде Шара Жиенқұлованың 110 жылдығына арналған хореографтар мен балетмейстерлердің «Қамажай» республикалық конкурсын өткізеді.

«Жастар» театры 19 және 20 сәуірде С.Қасымбектің «Лифт» психологиялық драмасына шақырады.

21 сәуір күні сағат 11:00-де «Ұр тоқпақ» қазақ халық ертегісі, 23 сәуір сағат 19:00-де С.Раевтың «Жұмаққа қарай ұзақ жол» қойылымы, ал бірнеше сағаттан кейін Н.Оразалиннің «Қылкөпір» драмасы көрсетіледі.

24 сәуірде жастардың орындауында Ш.Айтматов, О. Бөкей, Р. Мұқанованың шығармалары негізінде «Ғасырдан да ұзақ» триптихін көруге болады.

Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі күнделікті іс-шараларды оқырманды мүмкіндігінше көп тарту үшін ұйымдастырып келеді. 20 сәуір күні Орталық қалалық кітапхананың қызмет көрсету бөлімінде «Қазақтың біртуар әншісі Әміре Қашаубаев» атты слайд-презентация өтеді.

Осы күні №2 бұқаралық кітапханада «Ән өнерінің саңғалы – Әміре» әдеби музыкалық сағаты, №2 балалар кітапханасында «Жүрегіме жол тартқан сүйікті өлкем» танымдық сағаты, №8 балалар кітапханасында «Зиянды әдеттер. Өмір бос өтіп кетпес үшін...» іс-шаралары өтеді.

21 сәуірде Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы оқырмандарды «Біз кітапханаға барамыз» танымдық сағатына шақырады.

Сол күні түстен кейін Орталық қалалық кітапхананың қызмет көрсету бөлімі «Мұның бәрі ол туралы» викторинасын, №5 балалар кітапханасы – «Кітапты ашамын – әлемді ашамын» ақпараттық сағатын, №2 Балалар кітапханасы – «Ғажайыптардың ғажайыбы» ақпарат сабағын өткізеді.

23 сәуір күні № 10 бұқаралық кітапханада «Кітап – мәңгілік елдің құндылығы» атты әдеби марафон өтеді.

24 сәуір күні № 3 көпшілік кітапханасы «Өнегеге толы өмір» атты әдеби-көркем сағатқа шақырады.

Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені 20 сәуірде «Тағдыр тоғыстырушы жіп» тақырыбында дәріс өткізеді.

Осы аптада Сәкен Сейфуллин музейі әлеуметтік желілердегі аккаунттарында «Сәкен Сейфуллин 1964 ж.» деректі фильмінің бірінші бөлімін көрсетеді, сонымен қатар дәстүрлі бейне турын өткізеді.

19 сәуірде «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасында «Қазыбек бидің туғанына 355 жыл» онлайн-сабағы өтеді.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT