Астанада металл қабылдайтын 14 орын иесі әкімшілік жауапқа тартылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда полицейлері металл құбырларды ұрлады деген күдікпен ер адамды ұстады. Қылмыс туралы полицияға ұрланған құбырлардың иесі хабарлады.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалпы құны 50 мың теңгені құрайтын құбырлар бірнеше отбасы тұратын жекеменшік тұрғын үйдің ауласында тұрған. Ұрлық үй иесі жоқ кезде жасалған.

Тәртіп сақшылары жедел-іздеу шараларын өткізу барысында ұрлық жасады деген күдікпен ер адамды анықтап, ұстады. Ол үй иесінің көршісі болып шықты. 28 жастағы ер адам ұрланған құбырларды металл сынығын қабылдау орнына тапсырғанын мойындады.

Аталған факті бойынша сот алдындағы тергеу амалдары жүргізілуде, ер адамның бұған дейін елорда аумағында осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.

Еске сала кетсек, елорда аумағында кабельдер, люктер және құрамында металл бар басқа да бұйымдар ұрлығының алдын алу және ашу тиімділігін арттыру мақсатында жедел-алдын алу шарасы өткізілді.

Іс-шара барысында металл қабылдайтын 206 пункт тексеріліп, 14 пункт иесіне қатысты ҚР Қылмыстық құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 463-бабы («Тиісті тіркеусіз кәсіпкерлік немесе өзге де қызмет түрімен айналысу») бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды. Бір тоннадан астам металл тәркіленді.

Аталған орындардың иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұдан басқа, металл қабылдау орындары өкілдеріне ұрланған мүлікті сатып алмау керектігі ескертілді.


Соңғы жаңалықтар