Астанада цифрлық өркениет дәуіріндегі Конституцияның рөлі талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Конституциясы күні қарсаңында елордада «Цифрлық өркениет дәуірінде мемлекет пен қоғамның трансформациялануындағы Конституцияның рөлі» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл мемлекетіміздің дамуындағы жаңа кезең басталды. Әлеуметтік тұрғыда әділ, демократиялық және құқықтық мемлекетке айналу бағыты алапат қолдауға ие болды. Күн тәртібінде қоғамдық қауіпсіздікті, денсаулық сақтау, білім беру мен жұмыспен қамтуды сапалы жаңғырту мәселелері тұр. Ең алдымен мемлекеттік басқару мен саяси жүйенің тиімділігін арттыру керек. Заң үстемдігін, әділ сот өндірісін және заманауи құқық қорғау жүйесін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту маңызды міндет болып отыр. Осы процестердің барлығында Негізгі заң Конституция үлкен рөл атқарады», - деді ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми Ұлттық академиялық кітапханада дөңгелек үстелдің ашылуында.

Оның айтуынша, аталған бағыттар бойынша қабылданған шаралардың тиімділігі Конституцияның жасампаздық әлеуетін толыққанды жүзеге асырумен тікелей байланысты. Мемлекет пен қоғамды трансформациялау кезеңінде негізгі заңға жаңа көзқарас қажет.

Цифрлық өркениеттің жетістіктері адам құқықтарын жүзеге асыруда үлкен басымдыққа ие, бірақ жаңа технологияларды да дұрыс қолданбау қаупі бар.

Өз кезегінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов жаңа технологиялардың цифрлық өркениет жағдайында өзгеріп жатқан дәстүрлі заңға ықпалы туралы айтып берді.

«Еуропалық одақ электронды тұлғаны құқықтық қатынас субъектісі ретінде тану мәселесін талқылап жатыр. Сонымен бірге, автопилот басқаруында болған көліктердің жол-көлік оқиғасы жауапкершілігі өзекті болып отыр. Жақында Францияда «Цифрлық республика туралы» заң қабылданды. Онда қайтыс болған адам туралы цифрлық ақпаратты өшіру сынды адамның жаңа құқықтары бекітілген. Жақын арада роботтардың құқықтық субъектілігі мәселесі де көтерілуі мүмкін», - деді И. Рогов.


Соңғы жаңалықтар