Астанада бірқатар көшелерде көлік қозғалысы шектеледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстан халықтарының бірлігі күнін мерекелеу және дайындық кезеңінде Тәуелсіздік даңғылында «Қазақ Елі» алаңы мен оған жақын көшелерде көлік құралдарының қозғалысына шектеу қойылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан халықтарының бірлігі күнін тойлау және дайындық кезеңінде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Тәуелсіздік даңғылының бойында «Қазақ Елі» алаңының алдында және оған жақын көшелердің учаскелерінде көлік құралдарының қозғалысына тыйым салынды», - деп хабарлады Астана ІІД-ден.

Атап айтқанда, 28 сәуір 17:00-ден бастап Тәуелсіздік даңғылының Байтұрсынов көшесінен Нәжімеденов көшесіне дейінгі бөлігі 2 мамыр 00:00-ге дейін жабық болады. Бұдан бөлек, 1 мамыр 8:00-ден 15:00-ге дейін Байтұрсынов көшесінің Аманжолов көшесі жағы мен Момышұлы даңғылы беті, Тәуелсіздік даңғылының Қошқарбаев көшесі жағы, Қалдаяқов көшесінің М-3 көпірі беті (Сығанақ көшесінің тарапы) мен Нәжімеденов көшесінің Аманжолов көшесі жағында көліктердің жүруіне шектеу қойылады.

Сонымен қатар, қоғамдық көлік қозғалысы кедергісіз жүзеге асырылады. Тек, Тәуелсіздік даңғылында алаңның алдымен жүруге тыйым салынады, деп атап өтті полицияда.

Өз кезегінде 9 мамыр 12:00-15:00 аралығында Тәуелсіздік даңғылының кей бөлігі көліктердің қозғалысы үшін жабық болады.

Сондай-ақ, Тәуелсіздік даңғылына жақын орналасқан - Нәжімеденов, Байтұрсынов, Қошқарбаев, Момышұлы, Майлин, Шарль Де Голь, Күйші Дина, Мұңайтпасов көшелерінің кей бөлігінде қозғалысқа шектеу қою жоспарлануда.

Астана қалалық ішкі істер департаменті қала тұрғындары мен қонақтарынан аталмыш кезеңде қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлап алуларын сұрайды. 

Соңғы жаңалықтар