Астана су арнасы: Нұр-Сұлтандағы апаттық жағдайға ауа райы кінәлі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат. «Астана су арнасы» МКК техникалық даму бөлімінің басшысы Ержан Шарипов елорданың сол жағалауында бірнеше көшенің сусыз қалу себебін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордадағы апатты жағдайды басты себебі – климаттық жағдай. Ауа темпаратурасы өзгергенде топырақ қозғала бастайды. Соның нәтижесінде диаметрі - 900 су құбырының дәнекерленген жері сөгілген. Апатты жағдай туралы хабарлама таңғы сағат 05:20 минутта жетті. Сағат 06:00-де апатты жағдайды оқшаулау үшін бригада оқиға орнында болды. Шамамен сағат 10:30-да су құбыры жабылды. Соның нәтижесінде 33-тен астам тұрғын үйде су тоқтатылды», - дейді Ержан Шарипов.

Жөндеу және құрылыс бригадасы камерадағы апаттық жағдайды оқшаулауға кірісіп кеткен.

«Сағат 12:00-де су жеткізу жұмыстары ұйымдастырылып, 3 техника 13-14 рейс жасап, су әкелді. Сөйтіп суы тоқтатылған үй тұрғындарына шамамен 55 мың литр су жеткізілді. Бұл жағдай демалыс күні болғандықтан, тұрғындардың көбі үйлерінде еді, сол себепті су алуға кезек көп болды. 14:00-ге қарай апаттық жағдай біткенмен, камерада тағы бір құбырды қайталап дәнекерлеу қажет болды. Сағат 22:00-де негізгі су желісін іске қосып, екі тұрғын үй кешенінен басқасына су берілді. Екі сағаттан кейін ол үйлерге де су барды. Түнгі сағат 24:00-де үйге ауыз су беру толық қалыпқа келтірілді», - дейді ол.

Аталған су құбыры 2017 жылдың қараша айында іске қосылған. 2019 жылдың қыркүйек айында «Астана су арнасы» МКК балансына берілген, бірақ «КазГерСтрой» ЖШС мердігер ұйымының кепілдендірілген міндеттері бар.

«Аталған су құбыры учаскесіне тапсырыс беруші – Нұр-Сұлтан қаласы көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы. Көптеген тұрғын үй сусыз қалғандықтан, кім кінәлі екенін анықтап жатпай, бірден жөндеу жұмыстарына кірістік. Тиісті құжаттар дайын болған соң осы мердігерлерге шағымданатын боламыз», - дейді бөлім басшысы.

Ержан Шариповтің айтуынша, кепілдігі бар құбырлар үнемі тексеріліп, қай жерінде ақау бар екені жазылып алынады. Мұның бәрі сарапталып, қорытындысы шығады.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Астана Су арнасы» кейбір тұрғын үйлерде судың тоқтап қалу себебін түсіндірді. Сондай-ақ, елордада су жүйесін қалпына келтіру үшін 2 бригада жұмыс істеп, сусыз қалған үйлеріне ауыз су жеткізілді.

17 қарашада Нұр-Сұлтандағы «Жағалау» шағын ауданының тұрғын үйлеріне су беріле бастады.

Соңғы жаңалықтар