Астана процесінің 15-раунды 2020 жылдың наурызында өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сирия бойынша Астана процесінің 15-раунды 2020 жылдың наурызында өтеді. Бұл жайында Астана процесінің кепілгер елдері Иран, Ресей және Түркияның бірлескен мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін елордада өткен 14-раунд қорытындысына орай аталған бірлескен мәлімдемені жария еткен ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевтің айтуынша, құжатта Иордания, Ирак және Ливан делегацияларының Астана форматына байқаушы ел ретінде сындарлы қатысуына ризашылық танытылған. Сонымен қатар бұл елдердің Сириядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қалпына келтіру ісіндегі маңызды рөлі аталып өтілген.

«Қазақстан билігіне Астана форматындағы Сирия бойынша 14 халықаралық кездесуді Нұр-Сұлтанда өткізгені үшін шынайы ризашылықтарын білдірді. Астана форматындағы Сирия бойынша келесі халықаралық кездесуді 2020 жылдың наурызында Нұр-Сұлтанда өткізу туралы шешім қабылдады», - деді ол.

Сондай-ақ бірлескен мәлімдемеде Астана форматындағы бейінді жұмыс тобының аясында зорлықпен ұсталынып отырған тұлғаларды, кепілге алынған адамдарды босату операцияларын жалғастыру қажеттігі айтылған. Сирияның бүкіл аумағында барлық сириялықтарға гуманитарлық жәрдемді арттыру қажеттігіне назар аударылған. Атап айтқанда, Сириядағы гуманитарлық ахуалды жақсартуға қолдау көрсету мақсатында халықаралық қоғамдастық, БҰҰ және оның гуманитарлық агенттіктері сириялықтарға көмекті ұлғайтуға шақырылған.

Соңғы жаңалықтар