«Астана Опера» театры жетінші маусымды қорытындылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Астана Опера» театры жетінші маусымның қорытындысын шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2019/2020 жылғы жетінші театр маусымы жарқын әрі есте қаларлық болғандығы сөзсіз. Сенсацияға толы премьералар, әртістеріміздің халықаралық жобаларға қатысуы, ұжымның сәтті гастрольдері – осының барлығы «Астана Операның» ең жоғары деңгейдегі театр ретіндегі позициясын одан әрі нығайта түсті. Коронавирус маусымның нағыз қызған сәтін су сепкендей басты. Көрермендер бірқатар ғаламат премьераларды тамашалап үлгермеді. Г.Доницеттидің «Дон Паскуале», «Махаббат сусыны» опералары, Т.Қажығалиевтің музыкасына «Дала үні» балетінің өтетін күндері ауыстырылды, сөйтіп, олар жаңа сегізінші маусымда өнерсүйер қауымға жол тартпақ», - деді театрдан.

«Астана Операның» жанкүйерлері үшін шығармашылық ұжым 185 іс-шара, оның ішінде балаларға арналған 20 шара өткізген. Карантин кезінде 15 онлайн-жоба жүзеге асырылып, TENGRI TV-ден 41 спектакль көрсетілді.

Қойылымдардың жаңа қоры

Жетінші маусымның соңына театр маңызды жетістіктермен жетті. Асқақ өнерді бағалаушылар үшін ұжым ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 3 премьера ұсынды:

Дж.Вердидің «Дон Карлос» операсы (11,13 қазан). Осы спектакльдің жетістікке жетуіне «басты кейіпкер» – қоюшы дирижер, атақты маэстро, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаевтың еңбегі ерекше. Жетекші солистер, хор, миманс әртістері жоғары кәсіби шеберліктері мен мінсіз орындаушылық өнерін паш етті.

Л.Делибтің «Коппелия» балеті (22,23 қараша). Театрдың жетекші солистері бұл балетті нағыз француздық әзілде орындады. Хореограф – Ролан Пети, қоюшы балетмейстер – Луиджи Бонино, қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев, балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова.

Л.Бетховен, И.С.Бах, В.А.Моцарт, Й.Гайдн, Д.Хаубрихтің музыкасына «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балеті (14,15 ақпан). Осынау әлемдік премьераны сенсациялық деп нық сеніммен айтуға болады. «Астана Опера» аталмыш балетті музыка кемеңгері Людвиг ван Бетховеннің 250 жылдығына арнады. Қоюшы балетмейстер – танымал неміс хореографы Раймондо Ребек. «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова, қоюшы дирижер – Абзал Мұхитдин, бас хормейстер – Ержан Дәуітов.

Әлем театрларымен байланыста

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Астана Опера» ұжымы келесі гастрольдік сапарларға шықты: өткен жылдың 20 қазанында ұжым «Санктъ-Петербургъ Опера» шақыртуы бойынша IV халықаралық камералық опера фестивалі аясында «Санктъ-Петербургъ Опера» Камералық театрында (Санкт-Петербор қ., Ресей) Дж.Россинидің «Жібек саты» опера-фарсын ұсынды. Шақырушы тараптың «Астана Опера» театрының гастроліне байланысты барлық шығындарды өз мойнына алғандығын атап өткен жөн.

Сол айда қазақстандық театр атақты әнші Дмитрий Хворостовскийдің мәдени мұрасын сақтау мен қолдауға бағытталған бірінші фестивальге қатысты. Қазанның 23 және 25 күндері Д.А.Хворостовский атындағы Красноярск мемлекеттік опера және балет театрында қазақстандық әртістер П.И.Чайковскийдің 180 жылдығына орай оның «Евгений Онегин» опералық жауһарының ғаламат қойылымын сахналады, ал 24 қазан күні Красноярск филармониясының Үлкен концерт залында көрермен қауым назарына қазақстандық композиторлардың туындыларынан құралған симфониялық бағдарламаны ұсынып, Л.Бетховеннің 250 жылдығына орай Оркестр мен фортепианоға арналған №5 концерт, ми-бемоль мажор, ор. 73 орындады.

2020 жылғы 16 ақпанда опера труппасының солистері Қарағанды тыңдармандарына атақты композитор Дж.Россинидің «Жібек саты» операсын ұсынды. Әртістер С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының сахнасында өнер көрсетті.

Жауапты гастрольдер

Ескі байланыстарды қалыпқа келтіріп, жаңаларын жолға қоя отырып, «Астана Опера» ресейлік үш театр ұжымын қабыл алды. 9-10 қараша күндері «Санктъ-Петербургъ Опера» мемлекеттік камералық театры Дж.Вердидің «Риголетто» және Ж.Бизенің «Інжу іздеушілер» операларын ұсынды. Петерборлық шығармашылық ұжым өздерінің көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Достық» орденінің кавалері, елордадағы опера өнерінің негізін қалаушылардың бірі Ю.И.Александровпен бірге Нұр-Сұлтанға ат басын тіреді. Танымал режиссер К.Байсейітова атындағы театр труппасымен көп жылдар бойы жұмыс жасап, 13 опера спектаклінің қойылымын жүзеге асырды.

Д.А.Хворостовский атындағы Красноярск мемлекеттік опера және балет театрының гастролі аясында 29 қарашада А.Бородиннің «Князь Игорь» операсы, 1 желтоқсанда – атақты хореограф Ю.Григоровичтің қойылымындағы А.Глазуновтың «Раймонда» балеті сахналанды.

2020 жылы «Астана Опера» сахнасында Евгений Вахтангов атындағы Мемлекеттік академиялық театрдың алғашқы гастролі орын алғанын атап өткен маңызды. Ресейдің ең танымал драма театрлары бірінің жұлдызды әртістері елорда тұрғындары мен қонақтарына 8 және 9 қаңтар – А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан көріністер, 10 және 11 қаңтар – А.П.Чеховтың «Дядя Ваня» танымал спектакльдерін ұсынды.

Шетелдік театр афишаларындағы «Астана Опера» әртістерінің есімдері

Көптеген әртістер халықаралық жобаларға қатыса отырып, маусым бойы «Астана Опера» театрының беделін асқақтатты. Олардың қатарында Алан Бөрібаев (Финляндия, Қытай, Бельгия, Германия, Чехия), Бақтияр Адамжан (Италия, Корея, Ресей), Серік Накыспеков (Украина), Әйгерім Бекетаева (Беларусь, Ресей), Тайыр Ғатауов, Гаухар Усина (Қырғызстан), Салтанат Ахметова (Ресей), Айзада Қапонова (Қытай, Ресей), Айгүл Ниязова, Амина Тайкенова ин дер Шмиттен (Түркия), Жұпар Ғабдуллина (Ресей, Босния және Герцеговина), Талғат Мұсабаев (Ресей), Абзал Мұхитдин (Италия, Ресей), Бағдат Әбілханов (Ресей) және т.б. бар.

Бұдан бөлек, солистер «Астана Опера» сахнасында белсенді жұмыс атқарды, олардың көбісі ағымдық репертуардағы спектакльдерде дебют жасады.

Атаулы күндер

Опера сахнасының аңызы, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Ахметқызы Төлегенова 2019 жылғы 3 желтоқсанда «Астана Опера» МОБТ сахнасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе ұйымдастырылған мерейтойын атап өтті. Қаншама өнерсүйер қауым даңқты әншімен кездесуді асыға күтті. Әлемдік опера примадоннасы Бибігүл Төлегенова 90 жасқа толуына орай ізгі тілектерді қабыл алды. Осынау құттықтау шарасына атақты қазақстандық опера әншілері, шәкірттері – оның дәстүрін жалғастырушылар, Бибігүл Төлегенова атындағы байқаудың лауреаттары мен ресми тұлғалар атсалысты.

Игі істер

Театр труппасы мереке күндері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме» КММ, сонымен қатар Мамандандырылған бөбектер үйінде қайырымдылық концерттерін беріп тұрады. Бұған қоса, Жаңа жыл қарсаңында «Астана Опера» театры қайырымдылық концерттер сериясын ұсынды. Әртістер театрға шақырылған «Әлеуметтік көмек көрсету орталығының» мүгедек балаларына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Камералық зал қызметкерлері өскелең ұрпақтың музыкалық талғамын қалыптастыра отырып, жыл сайын балаларға арналған концерттер қатарын кеңейтуде. Жетінші маусым ішінде аудиторияға түрлі жас санаттарынының таңдауына сай қызықты концерттік бағдарламалар ұсынылды.

Өмірдің жаңа келбеті: желідегі театр

Карантин кезінде ұжым TENGRI TV-ден онлайн трансляция арқылы шамамен қырық спектакль көрсетті. Әртістер ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен ұйымдастырылған «Карантиндегі жұлдыз» жобасына белсене қатысты. Сондай-ақ театр жұртшылыққа өз өнімін – театр әртістерінің қатысуымен 15 онлайн жоба ұсынды. Олардың қатарына Жеңіс күнінде жүзеге асқан «Тырналар» онлайн жобасы, балет терминдері мен заманауи бидің ерекшеліктері туралы сөз қозғаған Серік Нақыспековтің қатысуымен «Балет және оның қыр-сыры» жобасының екі шығарылымы енді. 7 мамыр күні Қазақстан және Ресей музыканттарының қатысуымен композитордың 180 жылдығына арналған «Чайковский. Online» концерті ұсынылды. Ондаған әртістер «Мереке биді» орындады, бұдан бөлек «Астана Операның» танымал солистері мен Италия, Мексика, Жапония, Қытай, Румыния, Грузияның опера жұлдыздары, сонымен бірге «Астана Опера» симфониялық оркестрінің музыканттары «O sole mio» неаполитандық әнін орындады. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған онлайн жоба ұжым қызметінің маңызды кезеңіне айналды. Балалар студиясының жас әртістері Ж.Бизенің «Кармен» және Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операларынан онлайн көріністер орындады. Олардың ересек әріптестері – «Астана Опера» симфониялық оркестрінің әртістері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен Ж.Бизенің «Кармен» операсынан увертюраны да онлайн режимде ұсынды. «Астана Операның» жетекші солисі, опера жұлдызы Майра Мұхамедқызы дүниежүзі дәрігерлеріне арнау – Вангелистің «Бүкіләлемдік дұғасын» орындады. Сонымен қатар ұжым театрдың YouTube арнасында қолжетімді басқа да тартымды жобаларды іске асырды.

Жоспарлар туралы

«Еліміздегі эпидемиологиялық жағдай мүмкіндік берсе, қыркүйек айының соңынан кешіктірмей театрда жаңа маусымды ашу жоспарланып отыр. Асқақ өнердің барлық жанкүйерлерінің назарына жарқын премьералар, Камералық залдағы мазмұнды концерттер ұсынылмақ, сондай-ақ өнерсүйер қауымды сүйікті әртістерімен кездесулер, қолтаңба сессиялары және тағы басқа қызықтар күтуде», - деді театрдың баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар