Astana Open: Дмитрий Попко тартысты матчта ұтылып қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Дмитрий Попко Astana Open ATP 250 турнирінің екінші айналымына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарысқа арнайы шақыртумен қосылған, дүниежүзілік рейтингте 172-орында тұрған Д.Попко әлемнің 85-ракеткасы, молдовалық Раду Алботпен күш сынасты.

Бірінші партияны Д.Попко брейкпен бастағанымен, қарсыласы таразы басын теңестіре білді – 1:1. Дегенмен есеп 4:4 болған мезетте брейк жасап, сосын өз геймін ала білді – 6:4.

Екінші сетте молдовалық спортшы 2:0 есебімен алға кетті. Бұдан кейін Д.Попко брейк жасағанымен, өз геймін беріп қойды – 1:3. Содан кейін есепті теңестіре алды – 4:4. Бірақ Р.Албот сетті брейкпен түйіндей білді – 6:4.

Үшінші, шешуші партияда Р.Албот есеп 5:4 болған мезетте брейк жасап кетті – 6:4. Керісінше Д.Попко сет барысында мұндай мүмкіндігін пайдалана алмады.

Аса тартысты бәсеке 2 сағат 50 минутқа созылды.

Р.Албот екінші айналымда әлемнің 59-ракеткасы, америкалық Томми Пол немесе рейтингте 73-сатыдағы италиялық Стефано Травальяның біреуімен кездеседі.

ATP 250 дәрежесінде алғаш өтіп жатқан Astana Open додасында Қазақстанннан сондай-ақ Александр Бублик, Михаил Кукушкин және Тимофей Скатов өнер көрсетеді. Алғашқы айналымда А.Бублик америкалық Маккензи Макдональдпен, М.Кукушкин аргентиналық Федерико Дельбониспен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің іріктеу сайыстарынан өте алмағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар