«Астана Моторс» ауыр жүк көліктерін құрастыра бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Моторс» компаниясының автоқұрастыру кәсіпорнында МАЗ автотехникасының өндірісі іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2016 жылдан бастап «Астана Моторс» компаниясы Минск автомобиль зауыты мен «МАЗ» ашық акционерлік қоғамының Қазақстан Республикасындағы ресми дилері болып табылады.  Ресми дилер мәртебесін алған соң, «Астана Моторс» компаниясының Алматы қаласындағы автоқұрастыру кәсіпорны машина жиынтықтарын алып, ауыр жүк көліктерін құрастыруға кірісіп кетті. Жарты жыл ішінде кәсіпорын барлық процесті пысықтап, өндірістің толық циклын меңгеріп шықты.

Бүгінде автоқұрастыру кәсіпорны дәнекерлеу, құрастыру және бояудың толық циклын жүзеге асырып, МАЗ жүк көліктерінің сериялық өндірістеріне кірісіп кетті. Кәсіпорында жүкті өзі түсіретін МАЗ 5516Х5 және 6501Н9 модельдері шығарылады, олардың жүк көтергіштігі 20 тоннаға дейін жетеді.

Кәсіпорын конвейерінен шыққан МАЗ автотехникасы Евро-4, Евро-5, Евро-6 стандарттарына және қазақстандық заңнамаға сай келеді. Автоөндіруші талаптарына сәйкес, компания автотехникаға кепілдік және сервистік қызмет көрсетеді.

«Қазақстандағы серіктесті таңдауда біз компанияның беделіне және автотехника өндіру тәжірибесіне сүйендік және бүгін атқарылған жұмыстардың тамаша нәтижесін көріп отырмыз.  Қазақстан Республикасы аумағында шығарылған МАЗ көліктері барлық техникалық параметрлерге сай келеді, сапалы, сенімді әрі Минск автомобиль зауытында құрастырылған автотехникадан еш айырмашылығы жоқ», - деп атап өтті «МАЗ» ашық акционерлік қоғамының коммерциялық директорының орынбасары Сергей Захаревич.

Биыл компания өздігінен жүк түсіретін 100 көлік шығаруды жоспарлауда. 2018 жылдан бастап құрастырылатын техниканың моделдік қатары кеңейеді, ал өндіріс көлемі 350 данаға жетеді.

 

Соңғы жаңалықтар