Astana Media Week: БАҚ аудиториясын жоғалтпау үшін әртүрлі интернет платформада жұмыс істеуі керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Пандемия кезінде аудитория шынайы ақпаратты іздеп, дәстүрлі баспасөз құралдарына жүгіне түсті. Astana Media Week 2020 шарасының «Мультиплатформалылық» пленарлық сессиясын жүргізген «ҚазАқпарат» ХАА Басқарма төрағасы Асқар Умаров осындай пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баспасөз саласына интернет келгеннен кейін аудиториясын жоғалтпау үшін ақпарат құралдары әртүрлі платформаларда жұмыс істеуі керек. Қазіргі уақытта журналистика күрт өзгеріп кетті. Әр бес жыл сайын бір жаңашылдықтар келіп жатыр. Мультиплатформалылық бұл ретте – қазір сын-тегеурін ғана емес, сонымен қатар аудиторияны арттырудың, сапалы ақпаратты қолданушыға жеткізудің үлкен мүмкіндігі. Көп жағдайда мультиплатформалылықпен ақпарат агенттіктері жұмыс істейді. Олар сапалы жаңалықтарды өте жылдам жеткізе білуі тиіс. Біздің білуімізше дәстүрлі баспасөз құралдарының, газеттердің көбі платформаларға өтіп жатыр. ҚазАқпарат агенттігінің 100 жылдығы аясында бүгін біз өте өзекті тақырыпты талқылаймыз», - деді Асқар Умаров.

Оның айтуынша пандемия кезінде аудитория шынайы ақпаратты іздеп, дәстүрлі баспасөз құралдарына жүгіне түсті.

«Сонымен бірге фейк-жаңалықтардың өз өрісінде артып келе жатқанын да есепке алу керек. Медиа салада негізгі міндеті фейк-жаңалықтарға жол бермеу бойынша жаңа бағыт пайда болды. Одан бөлек фактчекинг туралы да білеміз. Біз әріптестерімізбен бірге үнемі ақпарат бөлісеміз. Біздің платформаларға жалған ақпараттың келмеуі үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді Асқар Умаров.

Айта кетсек елорадада Astana Media Week 2020 шарасы өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – отандық медиасаланы дамыту мен индустриядағы іскерлік қарым-қатынасты аймақтық және халықаралық деңгейде ілгерілету. Медиаапталық төртінші жыл қатарынан әлемнің түпкір-түпкірінен жетекші сарапшыларды дәстүрлі түрде жинап келеді және өзекті тақырыптар талқыланады.



Соңғы жаңалықтар