Астана маңындағы 4 елді мекенде ірі спорт нысандары салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы Өндіріс, Көктал, Үркер, Железнодорожный кенттерінде ірі спорт нысандары салынады. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елорданы «Нұр-Сұлтан-жайлы қала« мастер-жоспарының тұжырымдамасы аясында дамытудамыз. Аудандарды дамытуды полиорталық концепциясына көшірдік, бұл – білім беру, медицина, демалыс орындары және өзге де нысандар тұрғындарға қолсозым жерде болуы үшін жасалды.
Елді мекен тұрғындарымен кездесу барысында олар спортпен шұғылдануға, бос уақытын өткізуге арналған орындар салуды сұраған.
Биыл Өндіріс, Көктал, Үркер (Ильинка), Железнодорожный елді мекендерінде ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін саламыз. Кешендерде спортпен айналысуға арналған кабинеттерден басқа (баскетбол, волейбол, үстел теннисі, тренажер залы, күрес, бокс) - полиция бекеттері, пошта бөлімшелері, егде жастағы тұрғындарға арналған клубтар, ХҚКО және тағы басқа нысандар орналасады. Дене шынықтыру-сауықтыру кешендері тегін болады», - деп жазды А.Көлгінов Instagram-да.
Қала басшысы атап өткендей, былтыр Нұр-Сұлтан қаласында 760 мың шаршы метрден астам аула абаттандырылды: бұл 150-ден астам аула және 60 қоғамдық кеңістік.

«Қаланың ескі бөлігіне, сондай-ақ бұрын бос, қараусыз қалған жерлерге баса назар аударылды. Осылайша, елорда картасында жаңа ошақтар пайда болды. Биыл оларды ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырамыз.
Сондай-ақ, көктемнен бастап қаланы көгалдандыруды ерекше назарда ұстауды жалғастыра береміз. Мегаполисте экоаймақтар барынша көп болуы тиіс», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар