Астана клубы отырысында қандай мәселелер талқыланады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада өтіп жатқан Астана клубының 6-отырысы күнтәртібіндегі басты мәселе пандемия салдарын жоюға қатысты болады. Бұл жайында Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Күнтәртібіндегі басты мәселе – пандемия. Жалпы әлем халқын алаңдатып отырған да осы мәселе екені белгілі. Осы «пандемиядан қалай шығамыз?», «экономикамызды қалпына келтіру процесі қалай жүреді?» деген мәселелер талқыға түспек. Пандемиядан кейін жаңа әлемге аяқ басқалы отырмыз. Ал сол әлем қандай болмақ, ережелері қандай болмақ? 6-шы отырыстың аясында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сессия ұйымдастырылады. Сессия барысында еліміздің 30 жылда жүріп өткен жолына қорытынды жасап, «алдағы уақытта Қазақстанды қандай қауіп-қатерлер күтіп тұр?» «қандай мүмкіндіктеріміз бар?», «қай бағытта қозғалуымыз керек?» деген мәселелерді талқылаймыз», - деді отырыс аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Оның атап өтуінше, Астана клубы аясында әлемнің үздік сарапшылары, мемлекет қайраткерлері елордаға жиналып, көпшілікті толғандырған өзекті сұрақтарға жауап береді.

«Отырыс 3 күнге жалғасады. Осы үш күннің ішінде алдымызда тұрған жаһандық мәселелерді шеше алмайтындығымыз түсінікті. Бірақ, өзімізге қажетті сұрақтарды сарапшыларға қойып, соған жауап аламыз. Жалпы, алқалы жиынға әлемнің 20 елінен 30-ға жуық спикер офлайн форматта қатысып жатыр. Мұнан бөлек біраз спикеріміз онлайн режимде қатысады. Жалпы 55 спикер болады», - деді Жұмабек Сарабеков.

Бұған дейін елордада Астана клубының 6-отырысы жұмысын бастағанын хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар