Астана іргесіндегі Тәуке ханның ордасы: Тарихи ескерткішті сақтап қалу маңызды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл шілде айында Астананың 20 жылдығына арналған жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елорданың дәл маңындағы Күйгенжарда Тәуке ханның жазғы ордасының орны табылғанын айтқан еді. «Астана ел қамын жеген Едігеден бастап Әз-Тәукеге дейінгі қазақ хандарының ордасы болған. Менің тапсырмам бойынша зерттеу жүргізген астаналық археологтар Есілдің бойындағы Күйгенжар ауылының тұсынан Әз Тәуке ханның жазғы ордасының орнын тапты», - деді Елбасы. Түркістанды қыстап, Арқаны жайлаған қазақ хандарының ізімен Күйгенжарда жазғы ордасын тіккен Әз Тәуке ханның ізі қалған жердің табылуы, расында да, ғажап та қуанышты жаңалық. Ал осынау хан ордасының орны қалай табылды? Нақты қандай дәлелдер тарихшылардың тұжырымына негіз болып отыр? Тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры Жамбыл Артықбаевпен бірге Күйгенжарға арнайы барған сапарымызда оқырман қауымға осы сұрақтардың жауабын білмекке бекіндік.

null 

Көшпелілердің басынан бағы қалай тайды?

Күйгенжарға бара жатқан жолда Жамбыл Артықбаевпен Қазақ хандығының Тәуке хан тұсындағы тарихы жайлы әңгіме өрбіттік. Осыған дейін әдеби кітаптардан «Ол тұста хандық әлсіреді, оған Тәуке ханның билікті батырлардан гөрі, билерге беріп қойғаны себеп болды» деген сыңайдағы пайым-пікірді оқығанымыз бар еді. Әлбетте, әдебиет пен тарих екі бөлек ғылым. Қос ғылым өкілдерінің ойы бір жерден шықпауы да мүмкін. Осы себепті, жоғарыда аталған жорамалға қатысты тарихшы Жамбыл Артықбаевтың пікірін білгіміз келген еді.

null 

«Тәуке ханды бізде кінәлайтын жазушылар бар - білімсіздіктен деп айтар едім. Тәуке хан 1715 жылы өлгенге дейін бізде бір орталыққа бағынған хандық билік - мемлекеттік жүйе болды. Сарай қызметін аталықтар, мемлекеттік қызметті төлеңгіттер атқарды. Аймақтардағы әкімшілік қызметтер билер мен батырларға жүктелді. Яғни, ол тұста биліктің тепе-теңдігі сақталды. Орталық билік те, аймақтық билік те күшті еді. Бұл екі билік жүйесі бірін-бірі теңгеріп тұрды. Аймақтық билікте билерді халықтың өзі сайлады», - дейді профессор.

Тарихшы Әз Тәуке хан өмірден өткеннен кейін мемлекетте билік дағдарысы басталғанын атап өтті. Айтуынша, ол өзі бір жағынан бұрыннан, ақырындап келе жатқан дағдарыс болатын. Бұның себебі - Тәуке ханға да, қазаққа да байланысты емес. Жалпы жаһандық, еуразиялық деңгейде көшпелілердің дәурені өтіп бара жатқан еді.

«Басты себеп - құрлықтағы, Батыс пен Шығыс арасындағы сауда жолдары мұхитқа көшіп, сол өзгеріс бізге қатты әсер етті. Сауда теңізге көшкеннен кейін, құрлықтағы сауда тоқтады. Осыдан соң біздің дала өркениеті құлады десе де болады. Мәселен, қазақ хандарының ертеректегі уақытында Рузбихан: «Базар күндері Сығанақта тек кәуапқа 500 түйе сойылады. Кешке қарай бір жапырақ ет қалмайды» деп жазады. Осыдан-ақ ол қаланың ауқымын көзбен елестетіп көріңіз. Сондай әлеуетті қалалар құлады», - дейді Жамбыл Артықбаев.

Ірі қалалардың басынан дәурен көшкеннен кейін бұл жағдай қазаққа өте ауыр әсер етті. Бір сөзбен экономика қолдан сусып кетті. Оңтүстіктегі экономика қазақтың қолындағы бар малын игере алмайтын жағдайда қалды. Профессордың айтуына қарағанда, қазақтар Әз Тәукенің заманында жылына 2 миллиондай қой, 200 мыңдай жылқы сатып отырған. Әлбетте, оны игеретін үлкен базар керек. Орталық Азия игермегеннен кейін жанталасып жан-жақтан серіктес іздеудің амалы басталған-тын. Қазақ хандығының Ресейге жақындауының да бір себебі осы.

«Жоңғардан біз аса жеңілдік деп айта алмаймын. Бізге қарағанда бір орталыққа бағыну деңгейі оларда жақсы болды. Тәуке хан заманында біз беріспей, бір жағынан Ташкентке, бір жағынан Бұхарға сүйеніп отырдық. Бұхар аймағында қазақтың ішінен шыққан рулар болды да, бізге жоңғар аса қатер бола қойған жоқ. Әз Тәуке ханнан кейін бір орталыққа бағынған мемлекетті ыдыратып алдық», - дейді тарихшы.

Жамбыл Артықбаевтың пайымдап өткеніндей, одан кейін қазақ билігіне келген Қайып хан «кеңседе» өскен, әскери жорықтарда шыңдала қоймаған басшы болған.

«Қазіргі қолымыздағы көп тарихи құжаттар - сол Қайыптың жазған хаттары. Далалық саясат бойынша Қайып хан батырлармен тіл табыса алмай, ақыр соңында Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасты орнатуды көздеді. Ресейдегі Сібірдің генерал губернаторы Матвей деген адамға хат жазып, қалмаққа қарсы бірге шығайық деді. Матвей келіскенімен, Қайып Аягөз түбінде уәде берген орыс әскері келмегендіктен, 1717 жылы жеңіліп қалды. Батырлардың айтқанына көнбеп еді. Осылайша, Қайып хан үш адаммен ғана Түркістанға қайтып барды. ...Кейін Қайып өлгеннен кейін басымыз қосылмай қойды ғой...», - дейді Жамбыл Артықбаев.

Тәуке ханның жазғы ордасы қалай табылды?

Тарих тағылымы жайлы әңгіме өрбіте отырып, көп кешікпей Күйгенжардың да шетіне іліндік. Қарқынды құрылыс бұл күнде Күйгенжарды Астанаға таятып-ақ тастапты. Ауыл мен Есіл өзенінің ортасында қазақтар мен орыстардың араласып кеткен, қоршалған бейіттері бар екен. Міне, біз көргелі келген - Тәуке ханның жазғы ордасы дәл осы жерде болып шықты.

null 

«Күйгенжар - Есілдің жағасындағы ғажап, әсем мекендердің бірі. Бұл жерде Әз Тәуке ханның жазғы ордасы болыпты деген әңгімені тым ертеректе естіген едім. Заманында Қарағандыда облыстық Жазушылар одағының бөлімшесін басқарған Жайық Бектұров деген белгілі жазушы осы жер туралы айтып жүретін. Клара Әмірқызы деген өлкетанушы апайымыз болды. Ол кісі Ақмола маңайындағы ескерткіштердің бәріне шыр-пыр болатын еді. Сол кісіден де ел ішінде хан ордасы осы мекенде орналасқаны туралы әңгімені естідім», - дейді Жамбыл Артықбаев.

Профессор Астанаға 2009 жылы көшіп келгеннен кейін Әз Тәуке ханның жазғы хан ордасының орнын іздей бастапты. 2012 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің археология-этнология кафедрасының экспедициясын бастап, іздеу жұмыстарын жүргізген.

 «Осы маңайдағы үлкен кісілерден сұрастырдық. Үлкендер аз осы бұл ауылда. Халық кеңестік заманда әбден әңкі-тәңкі болған ғой. Ешкім естеріне түсіре алмаса да, еміс-еміс бірдеңелерін айтты. Есілдің осы маңайының түгелін қарап шықтық. Анау жерде Алтай-Қарпық деген өткел бар. Осы маңдағы ірі өткелдер - Алтай-Қарпық пен Қараөткел. Қараөткел енді мыңдаған керуендер жүретін өткел болса, мынауысы кішкентай. Өткелді тауып, осы жерде шығар деген тұспалмен маңайды тексере бастадық. Ақыры, іздеп таба алмағаннан кейін не де болса, зираттың ішіне кірейік деп шештік», - дейді Жамбыл Артықбаев.

Тарихшының зиратқа назарының ауғаны тегін емес. Ерте уақытта Ертіс бойында жұмыс жүргізген уақытта сонау сақ, қимақ дәуірінің қорғандары қазақ зиратының ішінде сақталатынын көрген екен. Қазақ өзінің тарихынан жатсынбағаны шындық. Ертеде халқымыз «ата-бабамның зираты» деп, қайтқан туысын «Әулиенің панасы» атаған, кие тұтқан жерге қойған.

 «Осы зиратқа кіріп едік, мына құрылыс көзімізге бірден ұшырады. Көріп тұрғаныңыздай - үлкен құрылыс. Ұзындығы 100, ені 70 метр болады. Хан ордасын айнала екі бірдей ор, екі бірдей жал бар. Аэрофотодан қарасаңыз, мына бекіністің орны тіпті әдемі көрінеді.  Орданың төрт бұрышында кәдімгідей биіктен қарайтын қарауыл орындары әлі күнге дейін сақталған. Шамамен ертеде қарауыл қарап тұратын үлкен бір саты, мұнара болғаны анық», - дейді ол.

null 

Әз Тәуке жазғы ордасының тура ортасында 12 қабат киіз үй тіктіріп, оның маңайында аталықтардың, төлеңгіттердің киіз үйлері орналасатын болған. Жаугершілік заманда осындай тәжірибе ертеден бар: сонау қаңлы, ғұндардың заманынан бері хандар қысқы ордасын Түркістанға, жазғы ордасын жауынгерлермен бірге көшіп келіп Арқа жаққа тігіп отырған. Күзет әлбетте мықты болғаны айқын.

Тарихшының пайымынша, Әз Тәукенің жазғы хан ордасының екі жағында (біреуі Есіл өзеніне қараған) екі бірдей дарбазасы болған.

 «Біз бұл жерге үлкен қазба жұмыстарын жүргізген жоқпыз. Құрылыстың көпшілігін жалпы қырға салатыны белгілі. Қарап отырсаңыз, стратегиялық, яғни қорғаныс жағынан орда жақсы ойластырылған. Өйткені, хан ордасын бір жағынан өзен қорғап тұрады. Осы орға су алып келетін анау жерде арықтың ізі жатыр. Өзеннен бері су әкелетін шығырдың да орны бар. 2015 жылы біз осы жерде ақырындап шурф жасадық. Алғашында Дөкей Тәлеев деген археолог жігітті ертіп жүрдім. Содан кейін археология-этнология кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиев бастаған үш жігіт келіп, мына жерде шурф салып қарадық. Сонда тура бекініс екені дәлелденді. Осыменен қазір, құдайға шүкір, бұл тақырып Елбасымыздың да құлағына жетіп, елге танылып жатыр», - дейді Жамбыл Артықбаев.

Тарих көміліп қалмасын...

Әз Тәуке ханның жазғы ордасын тапқаннан кейін-ақ профессор бірсыпыра мақалалар жазып, қала әкімдігіне жоба ұсыныпты. «Бұл ескерткішті сақтап қалу керек» дейді. Өйткені, бұл тарихымыз үшін де, астанамыз үшін де бірегей ескерткіш. Арқа жерінде мұндай мұралар аз. Екіншіден, орданың орны Астананың дәл іргесінде тұр.

«Бұрынғы хан ордасының ішіне бейіттер түсіп кетіп жатыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында зираттар аз еді. Мына жерде Әз Тәуке хан қорғанының ішінде христиан бейіттері ғана болатын. Қазір байқасаңыз, ақырындап бейіттер қорғанның ішінде қалып барады. Осыларды сақтайық деп, бірнеше рет қала әкімдігіне хат жаздық. Сақтамасақ, ертең өкініп қаларымыз айқын. Ерінбей тұрып, екі ор, екі жалды салғанына қатты таңғаламын. Сол кезде осылайша қорғаныс мәселесін қатты ескергені көрініп тұр. Елбасы айтқаннан кейін әкімдік те бұл мәселеге бет бұрар деген ойдамын», - дейді профессор.

 «Ескерткіштің сақталуы саясат үшін де, тарих үшін де, қоғам үшін де өте маңызды» дейді Жамбыл Артықбаев. Өкінішке қарай, біршама жазып та, айтып та жатқанымен, қоғам, әкімдік тарапынан бетбұрыс шамалы болып тұрған көрінеді.

  «Енді Президентіміздің өзі айтқаннан кейін ескерткішке дұрыс көңіл бөлінер деген ойдамын. Елорданың іргесінде осындай ескерткіш жаңғырып жататын болса, халық білсе, қандай ғанибет болар еді. Ашық аспан астындағы музей деп те айтуға болады бұл орынды. Орданың түгел болмаса да, кейбір тұсын қалпына келтіруге болады. Шұңқырды нақты қазып, оны көрсетіп, жалды, арықты көрсете алсақ әдемі болар еді. Содан кейін Есіл мен орданың ортасына құрылыстар түсіп жатыр. Бұл дұрыс емес. Тоқтату керек! Бұрын осы айтылған ортада орда қызметкерлерінің болуы керек - егін салған алқаптары бар. Сондықтан, кешенді ескерткіш ретінде қайта қалпына келтіру қажет», - дейді тарихшы.

Жамбыл Артықбаев сөз соңында Тәуке ханның жазғы ордасын «Қазақстанның қасиетті географиясы» жобасына енгізу керектігін де айтып қалды.

 «Әз Тәуке ханның жазғы ордасы мемлекеттік маңызы бар ескерткіштердің қатарына енгізілуі керек. Мен былтыр осы мәселені айтқанмын. Бұл әулиелі жер. Күйгенжар қазақтың эпикалық жырларында, атақты ақындарының өлеңдерінде жиі аталады. Ең соңғы осы жерді жырлаған - Иманжүсіп. Сондықтан, бұл - қазақ тарихы үшін өте маңызды орын», - деп түйді Жамбыл Артықбаев.

Соңғы жаңалықтар