Астана іргесіндегі Қосшы қаласында жаңа мектептер қашан ашылады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Қосшы қаласында үш жаңа мектеп салынып жатыр. Білім саласына жауапты жергілікті мамандардың айтуынша, осының арқасында 2023 жылы 3 ауысыммен білім беретін нысандардың проблемасы шешіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде ауысым кезінде мектепке балалар сыймай қалатыны туралы видео тараған болатын. Салаға жауапты Целиноград ауданы білім бөлімінің мамандары осы жағдайға қатысты түсініктеме берді.

«Қала бойынша әрқайсы 1200 орындық үш мектеп салынып жатыр. Олардың біреуі биыл желтоқсанда салынып бітеді деп жоспарлануда. Екіншісі «Қосшы-2»-де, яғни «Лесная Полянада» келесі жылы тамыз-қыркүйек айларында дайын болады. Ал үшінші мектеп 2023 жылы аяқталады. Сонда қаланың даму жоспары бойынша 2023 жылы қазіргінің үстіне 3600 жаңа орын ашылады», - дейді Целиноград аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Майра Байболатова.

Маманның айтуына қарағанда, Instagram-да тараған видеода екі ауысым оқушыларының қарбаласы түсіп қалған.

«Жоғарыдағы видеоға келсек, ол №1 мектепте түсірілгені мәлім. Бұл мектепте жалпы екі ғимарат болса, біріншісі 436 орынға, екіншісі 850 орынға шақталған. Жиыны 2347 бала үш ауысыммен білім алады. Осындай балалар ауысымы кезінде қарбалас болған», - деп жауап берді.

Еске сала кетейік, Қосшыдағы №2 мектептің бірінші сыныбына биыл 635 бала келген. Мұнда қоныстанушы тұрғындар саны жылдан жылға артып келеді. Сол себепті Қосшыға биыл облыстық деңгейдегі маңызы бар қала статусы берілген болатын.


Соңғы жаңалықтар