Астана автобустарында электронды билеттеудің арқасында 6 млрд теңге «көлеңкеден» шығарылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Алтай Көлгінов қоғамдық көлік саласы келешекте қалай өзгеретінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Kazan Digital Week халықаралық форумына онлайн қатыстым. Басқа елдердегі әріптестермен бірге интеллектуал транспорт жүйелерін талқылап, тәжірибемізбен бөлістік. Қоғамдық тасымалдың модернизациясы мен цифрлануы - басым бағыттардың бірі. Автобустарды жаңартып қана қоймай, жаңа маршруттар қосып, жол салып, қалалықтардың ыңғайы үшін электронды қарым-қатынас механизмдерін енгізу керек» деп жазды шаһар басшысы Instagram парақшасында.

Алтай Көлгінов қаладағы көлік тасымалын дамытуда қолға алынған шараларды тізіп берді.

«Бірінші - интеллектуал транспорт жүйесін дамыту. Көше қиылыстарында тұрған бағдаршамдардың 50% адаптив басқару жүйесімен қамтылған. Мұндай технология көлік ағынын автоматты режимде есептеп, бағыттар бойынша шешім қабылдайды. Бұл көлік ағынының жылдамдығын арттырып, жолда жоғалатын орташа уақытты 20% қысқартуға мүмкіндік берді. Жыл соңына дейін қаладағы көше қиылыстарының 80% осы цифрлы жүйемен қамтитын боламыз. Бұл - тәуліктің қарбалас уақытында түйінді бағыттарға жүктемені азайтады. Екінші - қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бақылау камералары жол-көлік оқиғаларын 20% қысқартып, өлімге әкеп соғатын жағдайларды 40% азайтуға мүмкіндік берді. Үшінші - қоғамдық тасымалды дамыту. Қалалықтардың ыңғайы үшін қаламаңы көлік қатынасын енгіздік (32 елдімекенге қызмет көрсетіледі), экспресс , sport shuttle bus маршруттар да бар (бұқаралық мәдени шаралар үшін)», - дейді ол.

Шаһарда тұрғындардың өтініші бойынша 40 маршрут оңтайландырылған. Қоғамдық көліктің 70% астамын жаңартып, жыл басында көшелерге 100 жаңа электр автобус шықты. Жыл соңына дейін электр автобустардың тағы бір партиясы шығады.

«Барлық автобус жолақы төлеудің электронды жүйесімен жабдықталған, бұл карантин кезеңінде індет жұқтыру ықтималдығын азайтты. Электронды есеп айырысуға 100% өтудің арқасында 6 млрд теңге «көлеңкелі айналымнан» шығарылды. Сонымен бірге, қалалықтар автобустардың қай жерде келе жатқанын мобил қосымша арқылы қарап, аялдамалардағы электронды таблолардан көре алады» дейді Алтай Көлгінов.

Жалпы, қалада автобус жолақтары да нәтижесін берді: автобустардың жолдағы орташа уақыты 15-20% қысқарды. Жолақтардың саны 24-тен 36-ға дейін көбейеді. Бұл автобусты күту уақытын тағы 15% азайтады.

Барлық бағыттар бойынша жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді.


Соңғы жаңалықтар