Әскери қызметші болсақ та, әйел-ана екенімізді ұмытпаймыз – Әсем Қазенова

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Отан қорғау негізінен ер адамдардың борышы болғанмен, қазақ әскерінің 10 пайыздан астамы - әйелдер. Солардың бірі – ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қызметкері, сержант Әсем Қазенова, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әйел қызметшілердің көпшілігі штабта қызмет атқарады. Ә.Қазенова да штабты ұйымдастыру-жұмылдыру және жасақтау бөлімінің аға маманы ретінде өз ісін адал атқарып келеді.

Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген Әсемнің әкесі Қайролла мен анасы Сәбира Қазиевтер – елге еңбегі сіңген ардақты ұстаздар.

-Әскери қызметші болғанымызбен, біздер әйел болып қаламыз. Дегенмен босаңсуға тиісті емеспіз. Ерлермен иық тірестіре отырып, өз міндетімізді абыроймен атқаруымыз керек. Егер азаматтарымыз алдыңғы шепте жүрсе, біз тылда мықты болуымыз қажет, - дейді Әсем Қайроллақызы.

Әсем Қазенова қызметі қанша қауырт болғанымен, отбасылық міндетін де ұмытпайды. Ол – аяулы жар, үш баланың анасы.

-Менің жұбайым, подполковник Хамит Қазенов офицер болғандықтан, мекенжайымызды жиі өзгертуге тура келді. Мамандығыма байланысты да жұмыс істедім. Дегенмен 2003 жылы әскери қызметке ауыстым, - дейді Әсем.

Хамит Қазенов – Ақтөбенің тумасы. Петропавлда Ішкі әскерлер жоғары әскери училищесінде бітірген сәтте Әсем М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде шет тілі мамандығына оқып жүрген-ді. Кейін 2009 жылы Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін аяқтап шықты.

Екеуі отау құрған соң, жас лейтенантты бірден Атырауға жібереді. Бүгінде олар алтын асықтай үш бала тәрбиелеп отыр. Үлкені Айдана 15-те, Аңсар 10-да, Мырзахан 4-те, балабақшаға барып жүр.

-Әрдайым мені қолдап-қорғайтын ерім, қуантатын балаларым бар, одан артық қандай бақыт керек! Отбасымызбен бос уақытымызды көңілді өткізуге тырысамыз. Сөз соңында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен барша әріптестерімді шын жүректен құттықтап, бақыт, жақсылықтың бәрін тілеймін, - деді Әсем Қазенова.


Соңғы жаңалықтар