Асқар Шәкіров: Суға қатысты мәселелер Үкімет пен жергілікті биліктің бақылауында болуы тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Суға қатысты мәселелер Үкімет пен жергілікті биліктің бақылауында болуы тиіс. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл сайын су тасқыны кезеңінде біз дренаж жүйесі мен нөсерлік кәріздің қараусыз қалуымен, ал жекелеген жағдайларда – олардың мүлдем болмауы жағдайларымен бетпе-бет келеміз. Көптеген елді мекендер зардап шегіп, адамдар баспана мен мүліктерін жоғалтады, ал мемлекет экономикалық шығындарға тап болып жатады. Биыл Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары су апатына душар болды», - деді Асқар Шәкіров «Қазақстанның су қауіпсіздігі: қазіргі кездегі қауіп-қатерлер және оларды шешу перспективалары» тақырыбына арналған Үкімет сағатында.

Оның атап өтуінше, гидрометеорологиялық қызметтерді толық қаржыландырмау, гидротехникалық құрылыстар салуды жеткіліксіз жобалау, су басу қаупі бар учаскелерде объектілерді заңсыз салу және басқа да мәселелер Үкімет пен жергілікті билік органдары тарапынан тұрақты бақылауда болуға тиіс.

«Өздеріңіз білетіндей, су қауіпсіздігі мәселелеріне Сенат депутаттары ерекше назар аударады. Жақында Сенатта Қарағанды облысының және Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығымен кездесу өтті. Онда төтенше жағдайлардың салдарын жоюға емес, алдын алуға көңіл бөлінді. Басқаша айтқанда, бар проблемаларды нақты талдау, жағдайдың дамуын болжау және міндеттерді кешенді шешу қажет. Бүгін осы сұрақтарға жауап алып, одан әрі шаралар мен ұсыныстарды талқылаймыз деп үміттенеміз»,- деді Сенат төрағасының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар