Асқар Мамин жұмыспен қамту бағдарламасы жайында: Бұл - әкімдіктердің жұмысының кемшілігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жұмыспен қамту мәселесі бәріміз үшін бірінші орында болуы керек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі экономикалық және іскерлік белсенділікті қалпына келтіру жағдайында халықты жұмыспен қамту ең негізгі басымдық болып саналады. Біз күрделі жағдайдан өттік. 2 ай бойы төтенше жағдай мен карантиндік режим қолданыста болды. Кәсіпорындар мен бизнес жұмыс істемеді. Қазіргі таңда экономиканы қалпына келтіру процесі жүруде. Осы жұмыстың аясында экономиканы жандандыруға, жұмыс орындарын сақтап қалуға және құруға бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар топтамалары мен кешенді жоспар қабылданды. Біз адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек. Олардың әл-ауқатының жақсаруына жағдай жасауымыз қажет. Сондықтан жұмыспен қамту мәселесі бәріміз үшін бірінші орында болуы керек», - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр дерегінше, барлық мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында жұмысқа орналастыру шараларымен биыл 1 млн 220 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Бұл бағытта «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы үлкен үлес қосуда. Бағдарламада осы мақсаттарға 176 млрд теңге қарастырылған.

«Бұл өте өзекті бағдарлама жыл басынан бері 260 мыңнан астам адам өтініш білдірді. Олардың 184 мыңы жұмысқа орналастырылды. Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Павлодар облыстарында жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыру қарқыны жақсы екенін атап өтуге болады. Сонымен қатар Шымкент қаласы және Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары артта қалып отыр», - деді Асқар Мамин.

Оның атап өтуінше, Шымкент қаласының әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, қоғамдық жұмыстарға жіберу және грант беру бойынша көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Сондай-ақ Ақтөбе облысы бойынша грант беру деңгейі өте төмен. Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары шағын несие беру бойынша нашар жұмыс жүргізуде. Мұнан бөлек Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру және жастар практикасы бойынша жұмысты ұйымдастыру ең төменгі деңгейде болып отыр.

«Бұл - әкімдіктердің осы бағыттағы жеткіліксіз жұмысының нәтижесі. Осы ретте шұғыл шаралар қабылдау қажет. Жұмыспен қамтуды қолдау үшін барлық құралдар бар. Соларды белсендірек қолдану керек. Бұл мәселе бойынша біз тұрақты және жүйелі түрде бақылау жүргізетін боламыз», - деді Асқар Мамин.

Соңғы жаңалықтар