Асқар Мамин Өскемендегі жаңа көпбейінді балалар ауруханасына барды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Өскемендегі жаңа көпбейінді балалар ауруханасына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өскемендегі 200 төсек-орындық көпбейінді балалар ауруханасы аумақтарды дамыту бағдарламасы аясында салынды. Бұл соңғы 10 жылда бой көтерген ШҚО-ның ең ірі денсаулық сақтау нысандарының бірі.

Медициналық нысан Ана мен бала денсаулығын сақтау бірыңғай қызметінің бір бөлігіне айналып, Ана мен бала орталығы базасында қазіргі педиатриялық блокты алмастырады. Оның құрылымына педиатрия, неврология, нейрохирургия, травматология-ортопедия, хирургия бөлімшелері, сондай-ақ күрделі соматика, лор, көз микрохирургиясы, жансақтау бөлімі және бес заманауи операциялық блок кірді. Кең етіп салынған қабылдау бөлімі TRIAGE-жүйесі қағидасына сәйкес келеді. Бұл медициналық көмек көрсетудің кезек күттірмейтін басымдығы бойынша шұғыл келіп түскен науқастарды саралауға мүмкіндік береді.

Жаңа аурухана балаларды оңалту қызметін жаңа деңгейде дамытуға мүмкіндік береді. ҚР Тұңғыш Президенті қорының бастамасымен және қолдауымен «Қамқорлық» бағдарламасының жол картасы аясында 50 орындық балаларды оңалту бөлімшесі жұмыс істейді. Кішкентай науқастар облыстан тыс жерге бармай-ақ, жоғары білікті оңалту көмегі мен ем алады.

«Мұндағы бірегей жабдықтың құны - 5 миллиард теңге. Оны Лондонда, Израильде, Еуропаның ірі елдерінде қолданады. Бұл - заманауи компьютерлік томограф, соңғы үлгідегі сандық рентген-аппараты, наркоз-тыныс алу, эндоскопиялық хирургияға арналған 3D-бейне жүйесі, бас миын зерттеуге арналған көпфункционалды компьютерлік кешен. Мұның барлығы біздің сапалы медициналық көмек көрсетуімізге, оның қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ескі ғимаратта балалар және ересектер емханасы, әйелдер консультациясы кеңеймек. Ол балалар мен ересектердің диагностикалық орталығы болады», - деп атап өтті Ермек Омарбеков.

Жаңа ауруханада 500 қызметкер жұмыс істейді. Соңғы үш жылда Ана мен бала орталығының 400 дәрігері үш деңгейлі білім беру өңірлік бағдарламасы бойынша біліктілігін арттырып, әлемнің жетекші клиникаларында қайта даярлаудан өтті.

Асқар Мамин облыстық балалар ауруханасына барып, жансақтау және операциялық блоктардың жұмысымен танысты. Премьер-Министрге СОVID-19 емдеу үшін иммундық плазма бөлу жөніндегі ғылыми жоба, сондай-ақ жеке қорғану құралдарының үлгілері көрсетілді. Олар ҚХР-дің «Сан Бао Шыңжаң сауда-өнеркәсіп корпорациясы» ЖШС-дан әкелінген.


Соңғы жаңалықтар