Асқар Мамин әкімдерге кәсіпкерлер көтерген мәселелерді жедел шешуді тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өңірлер кәсіпкерлер көтерген мәселелерді жедел қарап, тиісті шешімдер қабылдауды қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қалыптасып отырған күрделі жағдайда экономиканың негізгі салаларында 7 айдың көрсеткіштері бойынша өсімнің оң серпіні сақталып отыр. Қайта өңдеу өнеркәсібінде өсім 3,8, машина жасауда 13,9, азық-түлік өндірісінде 4,1, фармацевтикада 23,2, жеңіл өнеркәсіпте 7,3, қағаз өндірісінде 15,7, химия өнеркәсібінде 3,6 пайызға және дайын металлдар өндірісінде өсім 18,6 пайызға қамтамасыз етілді. Құрылыс көлемі 6,3, тұрғын үйді пайдалануға беру 7,5 пайызға өсті немесе шамамен 7,5 млн шаршы метрді құрады. Ауыл шаруашылығында 2,5 пайыз деңгейінде тұрақты өсім қамтамасыз етілді. Сонымен қатар ОПЕК+ пен қол жеткізілген келісімді орындау қажеттілігі жағдайында мұнай өнімдерін өндіру төмендегені байқалады. Бұл жалпы тау-кен өндіру өнеркәсібі көрсеткіштеріне тікелей әсер етеді», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, тау-кен секторының басқа маңызды бағыттары бойынша оң серпін сақталып отыр. Көмір өндіруде өсім 2,6, металл кендерін өндіруде 2,3, табиғи газ өндіруде 0,9 пайызды құрады.

«Сонымен бірге карантин жағдайында қызмет көрсету секторында көрсеткіштердің төмендегенін байқаймыз. Жалпы өңірлер 7 айдың қорытындысында негізгі 5 көрсеткіш бойынша 9 өңірде әлеуметтік-экономикалық өсімі қамтамасыз етілді. Бұл - Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары. 5 өңірде 4 көрсеткіш бойынша оң серпін сақталып отыр. Бұл - Қарағанды, Түркістан, Павлодар, Ақтөбе облыстары және Шымкент қаласы. Қалған өңірлер тек үш көрсеткіш бойынша өсімге қол жеткізді. Бұл - Атырау,Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстары», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы өңірлер белсенді жұмыс істеуі керектігін және экономика өсімін қалпына келтіру жөніндегі барлық қабылданған шаралардың, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалардың аясында шаралардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.

«Өңірлерге дағдарысқа қарсы штабтар жұмысын жандандыруды және жергілікті жерлердің кәсіпкерлері көтерген мәселелерді жедел қарап, тиісті шешімдер қабылдауды тапсырамын», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар