Ashyq: Алматыда «көшбасшы» және «аутсайдер» кәсіпкерлер тізімі жарияланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Ashyq жобасына қатысып жатқан кәсіпкерлер саны артуда. Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спикердің айтуынша, Ashyq-пен жұмыс істегісі келетіндердің саны күн сайын артуда. Егер маусым айының басында 1700 қатысушы болса, бүгінде олардың саны 6419-ға жетті.

Айтуар Қошмамбетов Алматыда жеке кәсіпкерлердің 37 пайыздан астамы жобаға қосылғанын айтты. Қоғамдық тамақтану және қонақ үйлердің иелері барынша белсенділік танытуда.

«Жобаға ең көп қатысып жатқан ТОП-5 қызмет түрін анықтадық. Бұл – 22 242 қоғамдық тамақтану объектісі, 1 117 – базар, сауда, ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, 835 - сұлулық салоны, шаштараз, 491 - балаларды сауықтыру орталығы және йога орталықтарын қосқанда 426 фитнес-клуб», - деді Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасының басшысы.

Мәлім етілгендей, Ashyq жобасына қатысатын кейбір кәсіпкерлер келушілерді сканерлеуде жауапсыздық танытуда. Қазірдің өзінде 900-ден астам аутсайдер бар.

«30 шілдеде әкімдік сайтындағы тізімдерді жаңарттық, онда жауапсыз қатысушылар да, жоба көшбасшылары да көрсетілген. Ashyq жобасында барлығы 152 көшбасшысы бар. Біз барлық ақпаратты апта сайын Ақпарат және цифрлық даму министрлігінен аламыз», - деді А. Қошмамбетов.

Алматы қаласындағы Ashyq жобасы көшбасшыларының тізімі - https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/documents/details/197689?lang=kk

Алматы қаласындағы Ashyq жобасына ерікті қатысушылардың тізімі – https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/documents/details/197690?lang=kk

Ashyq жобасынан шығарылған жауапсыз қатысушылардың тізімі - https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/documents/details/197691?lang=kk

«Егер жобаға қатысушылар өз міндеттемелерін орындамаса, олар шығарылады және преференциялармен жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылады. Екі аптаның нәтижесі бойынша Алматыда 61 қатысушы жобадан шығарылды», - деді А. Қошмамбетов.

Эпидемиологтардың мәліметі бойынша, Алматыда Ashyq-тың арқасында өзін-өзі оқшаулау режимін бұзған 170 адам анықталды. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Соңғы жаңалықтар