Асхат Аймағамбетов: Жазғы мектеп – оқушылар үшін мәжбүрлі болмауы тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жазғы мектеп жүйесі оқушыларға мәжбүрлі болмауы керектігін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір оқу жылы аяқталды. Жаңа оқу жылы басталар алдында министрлік берген тапсырмаларға сәйкес жұмысты формальды түрде емес, жақсылап, нақтылап ұйымдастыру керек. Біз сіздермен келіскендей, 17 тамыздан бастап мектептерде жазғы мектеп форматында екі апталық дайындық шарасы өткізіледі. Білуімше өңірлер бұл жұмысты ұйымдастыруды бастапты. Балаларға бұл ретте өз еркімен қатысу мүмкіндігін беруіміз керек. Мәжбүрлеп, жазғы мектепке қатысу керек деген талап қойылмауы тиіс», - деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің аппараттық отырысында.

Министрдің айтуынша математика, қазақ тілі, орыс тілі пәндері бойынша балалар оқу жылы қарсаңында мектепке барып, дайындалғысы келсе – сол жұмыс ұйымдастырылатынын мәлім етті.

«Тағы да айтайын: мәжбүрлеп, формальды түрде ол жұмыс жүргізуге болмайды. Бұл уақытта мұғалімдер еңбек демалысынан шығады. Сондықтан ешқандай кедергі болмайды деп ойлаймын», - деді ол.

Еске сала кетсек бұған дейін Асхат Аймағамбетов мұғалімдер жазда демалуы керектігін айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар