Асхат Аймағамбетов Түркістандағы департамент басшысына ескерту жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы бір ай ішінде ҚР Білім және ғылым министрлігіне Түркістан облысындағы мұғалімдер тарапынан 17 арыз-шағым келіп түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова министрліктің аппараттық кеңесінде Түркістан облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаменті басшысының есебін тыңдау барысында айтты.

Вице-министрдің сөзінше, арыздардың басым бөлігі орынсыз жұмыстан шығару, ақша жинау және мектеп директорларын тағайындауда жіберілген қателіктерге байланысты мәселелерге қатысты болған. Одан бөлек, өңірде түрлі байқаулар мен олимпиадаларда жүлделі орындарды негізсіз иелену фактілері кездескен.

Аппараттық кеңес барысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Түркістан облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Бақытжан Мұхамеджановқа ескерту жариялады.

«Неге тиісті шаралар қолданылмаған? Егер бұл шағымдар сіздерге түспесе, демек, шағымданушылар тарапынан сіздерге сенім жоқ дегенді білдіре ме? Белсендірек жұмыс жасау керек. Нәтижесін көрмедік. Екі айдан соң баяндамаңызды тыңдаймыз. Қатаң ескертемін» – деді Асхат Аймағамбетов.


Соңғы жаңалықтар